KZ
Өскемен
+8°
небольшой проливной дождь жел 8 м/с, З
442.05 474.14 4.74

ШҚО-да саналы түрде қаржы жымқырушылар саны арта түскен

15.05.2018, 09:39 253

Өкінішке орай, жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өңірде қаншама іс-шаралар ұйымдастырылып, кешенді жоспарлар қабылданса да, саналы түрде ебін тауып қазына қалтасына қол сұғушылар, Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңнама қағидаттарын белден басушылар азаймай тұр. Тіпті, азайғанның орнына былтырға қарағанда көбейе түскен.


Бұл жөнінде бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінің жаңа ғимаратында өткен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаменті бірлесіп өткізген, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы жарияланған алғашқы брифингте мәлім болды.


– Есепті мерзімде Әдеп жөніндегі кеңестің екі отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзғандарға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің уақытында орындалмауына, лауазымды тұлғалардың сыйлық алуына және мемлекеттік қызметтегі әдептілік деңгейін жоғарылатудың 2018 жылға арналған кешенді жоспарын іске асыруға қатысты 26 мәселе, 13 тәртіптік іс қаралды. Аталмыш кеңес ұсынысымен 9 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде мемқызметтің беделіне нұқсан келтірген 4 және Әдеп кодексі нормаларын бұзған 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - деп атап өтті жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.


Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментінің жетекшісі Сергей Потанин мемлекеттік қызметтің әр саласындағы лауазымды тұлғалардың қатысуымен болған жемқорлық жағдайларына, қазына қаржысына қол сұғушылықтың шынайы фактілеріне нақты цифрлармен тоқталды.


Оның келтірген деректеріне көз жүгіртсек, былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда, саналы түрде қаржы жымқырушылар саны арта түскен. Яғни, биылғы үш айда барлығы 69 сыбайлас жемқорлық ісі қаралған. Олардың қатарында облыс орталығы әкімінің орынбасарынан бастап, мектеп, балабақша есепшілеріне дейінгі аралықтағы лауазымды тұлғалар бар.

(Бұл жөнінде облыстық «Дидар» газетінің алдағы сандарынан оқыңыздар)

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив