Ливанда өтіп жатқан Азия чемпионатында ШҚО дзюдошылары тағы бір жүлдеге ие болды
Ливан астанасы Бейрут қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Аталмыш додаға ел құрамасы сапында қатысқан облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің спортшысы Назерке Тілеуханова 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Біріншілік барысында барлығы үш кездесу өткізген жерлесіміз алдымен Тайбэй елінің өкілінен басым түссе, одан кейін оңтүстіккореялық дзюдошымен кездесіп, қарсыласына жол беруге мәжбүр болды. Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде шығысқазақстандық дзюдошы Непал елінің спортшысынан басым түсті.
Осылайша жерлесіміз өткен жылғы жетістігін қайталай алды. Естеріңізге салайық, 2017 жылы Назерке Тілеуханова Бішкекте өткен құрлықтық додада үздік үштікті түйіндеген еді.
Бұл ретте, Назеркенің бапкерлері Думан Бұғылбаев пен Айдар Қайырбаевтың еңбектерін де ерекше атап өткен орынды.