KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, С
491.71 529.97 5.05

Жармалықтар тасқыннан зардап шеккен Семей халқына концерт берді

20.04.2018, 10:08 148

Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрында Жарма ауданының халықтық өнер ұжымдарының концерті өтті. Өнер кеші ауданның 90 жылдық мерейтойы, сондай-ақ «Кәусар» халық ұлт-аспатар оркестрінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Әйсе де жармалықтардың көздегені – жуырда ғана су тасқынынан көңілі құлазыған семейліктердің рухын көтеру еді.


Рас, бұл жолы Ертіс арнасынан асып қала тұрғындарын әбден титықтатты. Қаһарына мінген қарт өзен, арындап ағып Түйемойнақ аралы, Бобровка саяжайы, Пристань және Мирный аудандарындағы 300-ге тақау баспана мен ауланы басқан-ды. Бұған қоса топан судың кесірі 437 саяжай үйлеріне тиген еді. Тасқыннан келген материалдық шығын көлемін арнайы комиссия әлі де анықтау үстінде.



Осы ретте жармалық өнерпаздар, қабырғасы қайысқан жұрттың көңіліне медеу болды. Концерт облыстық көркемөнерпаздар байқауының 9 дүркін жеңімпазы, ШҚО әкімінің ауыспалы «Өнер кубогінің» жеке дара иегері, Елбасының алдында бірнеше рет өнер көрсеткен аудан мәдениет қайраткерлерінің ұйытқы болуымен өткізілді.


-Бүгінгі концертте, «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі, «Айқаракөз» фольклорлы-этнографиялық халық ансамблі, «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобы, сол секілді қобызшылар ансамблі, «Ғасырлар үні» этно тобы, «Орхидея» бишілер ұжымы сынды бірқатар сахна саңлақтары өнер көрсетеді. Мұның барлығы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізді қолдау мақсатында қолға алынып отыр. Барлығы реттеліп, халықтың әл-ауқаты орнына келер деген ойдамын, - деп өзінің ойымен бөлісті Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов.


Өнер кешіне жиналған халықта есеп болмады. Театр залы лық толды. Тіпті көрермендер жүретін баспалдақтан сахна төріне дейін концертті түрегеліп тамашалады. Ал оның шымылдығы «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күймен ашылып, «Орхидея» тобының мың бұралған бишілері, тәттіге толы арнайы табағын көрермендерге қарай шашты. Бұдан кейін оркестрдің сүймелдеуінде Құрманғазының «Сарыарқа» күйі төгіліп, көз алдыға ұланғайыр Арқаны елестеткендей болды.


Кеш соңында Семей қаласы әкімінің атынан ықылас гүлі табысталып, қала әкімі аппаратының жетекшісі Сержан Азбергенов, өнер ұжымдарына алғысын білдірді.




 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив