KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
485.11 523.82 5.02

Семей саяжайларындағы су басқан үйлердің иелері неліктен наразы?

22.05.2018, 13:37 231

Семейде тасқынның беті қайтқанына екі айға жуықтады. Алайда тұрғындардың шығыны әлі толық өтелмеген. Әсіресе қызыл судың залалы Түйемойнақ аралы, Мирный, Затон аудандары және Бобровка саяжайына қатты тиген еді. Бұған қоса Бобровка - саяжай массиві болғандықтан, Үкімет тарапынан бұл аумақтың халқына өтемақы қарастырылмайды екен.  


Тек жергілікті атқамінерлер, қосымша қаражат көздерінен саяжайлықтардың баспанасын қалпына келтіруге уәде еткен-ді. Әйтсе де Бобровка елдімекенінде бүлінген үйлерін өз күшімен тұрғызып жатқан адамдар да табылды. Қызыл судан жапа шеккендердің бірі Нұрлан Масиповтың шаңырағы. Оның жанұясында жары мен үш баласын қоса есептегенде бес адам тұрады. Жігіт ағасы топан су, үйі мен қора-қопсысын түгелдей басып, судың деңгейі белуарға дейін жеткенін тілге тиек етті. Қазір ол жанұясымен бірге жақындарының үйін паналап отыр. Себебі әкімдік ұсынған қонақүйлер мен жатақханаларда бос орын табылмапты. Ал оның алдында пәтерді жалға алып тұрған екен. Әйтсе де мұның өзі қалтаға әжептәуір салмақ түсіріп, еріксіз жора-жолдастардың баспанасында тұруға мәжбүр болғанын айтады. Биліктен қайыр болмайтынын түсінген отағасы, бүгінде дым басқан үйін өзі тұрғызып жатыр.


-Материалдық шығынды қайтару үшін өтініш берген едік. Келеді деген. Бірақ әлі келген жоқ. Ал үйге тиген залалдың көлемін бағалап, өлшеді. Үйдің арқалық бөренелері және еденге тасқынның зардабы айтарлықтай тиді. Бағалаушылар оны 300 мың теңгеге есептеп отыр. Бірақ бұл сомамен келіспеймін. Өйткені үйдің едені қымбат ағаш материалдан салынған еді. Ал оның орнына бетонды қоспадан тұратын еденді төсеп бермек. Негізінен шығын мөлшері бұдан да жоғары. Қазір бір кісіні жалдау үшін кемінде 8 мың теңге қажет. Оның өзі тек арқалық бөрене қоюға ғана жетеді,- дейді Нұрлан Масипов.


Дәл осындай жағдайды Құралай Упабаеваның отбасыда басынан өткеруде. Апаттан қабырғасы қайысқан ана, комиссия өкілдері осыдан бір жарым ай бұрын келіп, шығын көлемін есептеп кеткенін айтты. Содан бері бірде-бір ресми орган төбе көрсетпепті. Мұнда сарапшылар үйдің шығынын шамамен 500 мың теңгеге бағалаған. Десе де баспананы қалпына келтіруге бұл қаражат жеткіліксіз деп атап өтті үйдің иесі.


-Барлық бөлмелерді дым басқан. Қалай тұрамыз мұнда? Жанұяда бес адамбыз. Еріксіз бар мүлкімізді тастап, Мақаншыға кетіп барамыз. Сол жақта ұлым қызмет етеді. Дегенмен үйді де тастағым келмейді. Қарайтын ешкім жоқ. Амал не?! Семейдің әкімі тұрмыстық техниканы жөндеп беруге көмектесемін деді. Ал ақша күтпеңдер деп айтты. Үйдің зақым келген жерлерін ғана түзеп бере алатынын атап өтті. Бізге құрылыс материалдарын берсе, өзіміз барлығын жөндеп алар едік. Осыны әкімге бірнеше кісі айтты. Құрылысшылардың қызметіне мұқтаж емеспіз. Олардың жұмысы бізге мәлім. Материалдың жартысын пайдаланса, жартысын ұрлап әлек болады, - деген Құралай Упабаева, енді көмектің келетініне күмәнмен қарап отыр.


Қорыта келгенде, шығын көлемін есептейтін бағалаушылардың жұмысына әлеуметтің көңілі толар емес. Ал қала басшысының баспасөз қызметі, өткен жексенбіде әкім саяжай тұрғындарымен кездесіп, мұнда жағдайдың тұрақталғанын айта келе, қаржылық шығын толықтай есептелді деген ресми ақпаратты алға тартты. Осыған қарағанда жуапты органдар әлі барлық үйлерді аралап үлгермеген сыңайлы. Бұл ретте мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Семей қалалық әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған едік. Оған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының орынбасары Светлана Заурбекова жауап берді:


-Бобровка саяжай массиві тұрғындарының тасқыннан келген материалдық шығынының көлемі қанша және ол қалай реттеледі?


-Бобровкада саяжайында 134 үй зардап шекті, сомасы 34 733, 28 теңге.


-Бобровка елді мекенінде құрылыс жұмыстарымен қандай компаниялар айналысуда?


-Бобровка саяжайында құрылыс жұмыстарын «Сәт Транс» ЖШС, «Градострой» ЖШС жүргізіп жатыр.


-Саяжай тұрғындары бағалаушылардың жұмысына наразы. Залалдың көлемі, белгілеген сомадан әлдеқайда жоғары деп есептейді.


-Сметалық есепті «Семгражданпроект» институты жасады. «Арнайы ғылыми лаборатория және эксперттік тескеру» мекемесі.


-Тұрмыстық техниканың шығын көлемі толыққанды өтеле ме?


-Шығын көлемі Үкіметтің 2014 жылғы № 1358 Қаулысына сәйкес анықталады.


-Тұрғындар құрылыс материалдарымен қамтып беруді сұрап отыр. Жергілікті әкімдік осындай мүмкіндікті қарастырып бере ала ма?


-Тұрғындардың құрылыс материалдарын сұрауына байланысты жауап беретін болсақ, бұл мәселе азаматтардың жеке-жеке өтініштеріне байланысты шешіледі.


Бұл ресми жауап. Әлбетте көзбе-көз сұхбат алудың сәті түспегендіктен, мардымды жауап алдық деп айту қиын. Осыдан кейін Бобровкадағы ағайынмен қайта хабарласқан едік. Әлгінде жағдайын айтқан Нұрлан Масипов, сол бағалаушылар белгілеген 346 мың теңгеге, құрылыс компания өкілдері 480 кірпіш, 15 қап цемент, бір жүк көлігімен қиыршық тас, құм және топырақ материалдарын жеткізгенін атап өтті. Алайда қызыл судың әлегін көрген тұрғындар, өтемақы сомадан қосымша құн салығы неліктен алынатынын түсінбей дал?!


[su_slider source="media: 32587,32586,32585,32584,32582,32581"]


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив