Семейде «Open spaсe» облыстық жастар форумы өтуде
Рухани жаңғыру Абайдан бастау алады деп айтсақ артық айтпағанымыз. Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз байланысты болса, даналығы қазіргі заманмен үндес.
Осыған орай, бүгін Семей қаласында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына бір жыл толуына орайластырылып «Open spaсe» форматында «Ұлы Абайдың рухты сөзі» атты ауқымды іс-шара өткізілуде. Таңертең ерте қала жастары мен шараға қатысушылар Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ұйымдастырылған шара ары қарай Абай атындағы әмбебап кітапханасында «Қазақтың бас ақыны» тақырыбында жаппай диктант жаузмен жалғасын тапты. Ал аудандардан келген бір топ делегаттарға музейлердің құнды жәдігерлерін көрсету мақсатында «Абай жолы – рухани жол» деп аталатын экскурсиясы өткізілді.
Айта кетейік, бүгін түстен кейін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, темірден түйін түйген жерлесіміз Абылайхан Асылбайдың Абай атындағы театрда «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» атты шеберлік класы ұйымдастырылады, ал дәл осы өнер шаңырағында 17:00-де «Жас Абай» театрландырылған қойылымы қойылады. Сондай-ақ, сағат кешкі 19:00 мен 21:00 аралығында орталық алаңда өтетін «Open spaсe» кешкі бағдарламасы аясында «Ұлттық ойындар», «Домбыра Пати», ұлттық караоке байқауы өтеді деп жоспарланып отыр.