Семейде өткен «Махаббат вальсі» ІІІ қалалық ән-би байқауы композитор Бекен Жамақаевқа арналды
Байқаудың мақсаты халыққа Бекен Жамақаев шығармашылығын насихаттау және эстетикалық тәрбие, әлемдік және отандық көркем мәдениет дәстүрлеріне қызығушылықты арттыру болып табылды. Бекен Жамақаевтың әндеріне жазушы Мұхтар Әуезов жоғары баға берген. Оның «Махаббат вальсін» қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағланова апамыз орындаған.
Семейде өткен байқауға композитордың қарындасы Бейбітжан Жамақаева қатысып отырды. Оның айтуынша, қазақ өнерінде шоқтай жанып, жұлдыздай ағып түскен Бекен Жамақаев №16 орта мектептің түлегі. Сондықтан композитор білім алған оқу ордасында жыл сайын түрлі шаралар өткізіліп келеді. Бұған дейін білім ордасында Бекен Жамақаев атындағы заманауи сынып іске қосылса, міне, бүгін оның тұлғалық мүсіні ашылды.
-«Махаббат вальсі» атты керемет туындының авторы, жерлесіміз Бекен Жамақаевтың біздің мектепте оқығанын мақтан етеміз,-деді Т. Аманов атындағы №16 мектеп директоры Бақытгүл Құрманғалиева,-өскелең ұрпақ үшін бұл үлгі-өнеге. Небәрі 41 жасында дүниеден өткен Бекен Жамақаев 70-тен астам ән, 12 вальс жазып кетті. Композитордың «Махаббат вальсінен» өзге, «Қазақстан», «Сен ғана» сынды әндерін де бүкіл халық жақсы көреді.
Сонымен ІІІ қалалық байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталды. Бас жүлдені №37 мектеп-гимназияның оқушысы Нұрдәулет Болатұлы мен №19 мектептің оқушысы Элизавета Кизнер жеңіп алды.