KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
478.96 533.03 5.22

Семейде көптеген мектептер күрделі жөндеуді күтіп тұр

16.03.2018, 12:51 178

Семей қалалық мәслихатынының кезекті сессиясында білім ордаларының түбегейлі жөнделуі сөз болды. Семей қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Феснконың айтуынша, 2017 жылы қала бюджетінен 30 млн 221 мың теңге бөлініп, соған орай 22 арнайы бекітілген жоба бойынша 12 мектеп толықтай күрделі жөндеуден өткен. Семейде мектептерді жөндеу жұмыстары жыл сайын жүреді. Десек те, білім ошақтарының төбелерінен су ағатындықтан ескі шатырларды жөндеу өз алдына басты мәселе болып тұр. Былтыр, мәселен, Пригород орта мектебі мен №43 мектеп түбегейлі түрде шатырлары мен төбелерін жөнделген. Мектептерді жаңа оқу жылына дайындау үшін қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко директорларға демеушілер арқылы да жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігін де ескертіпті.


-Бізде әрбір екінші мектептің шатыры ескіріп кеткен,-деді білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко,-сондықтан да қай мектепті қалай жөндеу керек, біз оны директорлар жиынында анықтап отырамыз. Бір өкініштісі, жыл сайын бюджет қоржыны ұлғайса да, білім ордаларын қалпына келтіруге, жаңа оқу жылына дайындауға ақша аз бөлінеді. Осы жағы түсініксіз.


Қалалық мәслихат депутаты Қайрат Мирашев сессия барысында 2018-19 жылы мектептерді жөндеу жұмыстары қалай өтетіндігін сұрады.


-Біздің мектептер жыл сайын жөнделеді,-деді Қайрат Мирашев,- өткен жылы бізге сессия барысында оқу ордаларын күрделі жөндеуден өткізу үшін қалалық білім бөлімінде 1 млрд. теңгенің жоба-сметалық құжаты дайын тұрғандығын айтты. Қазіргі уақытта бюджетте қаржы бар, білім ошақтарын жылдан жылға созбақтамай толыққанды жөндеуге болатындығы айдан аны қой.

Семейде көптеген мектептер күрделі жөндеу үшін өздерінің кезегін күтуге мәжбүр. Басым көпшілігінің жөндеу көрмегеніне 50-60, 90 жылдай болған. Олар шатырын жөндеуді жылдап күтуге шамалары жете ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Мәселен, биыл №35 мектепте ылғал салдарынан бір сыныптың төбесі құлап қалыпты. №28 мектепте төбе мен қабырғасы көгеріп, зең басып кеткен. Сондықтан да бұл жерде бастауыш сынып оқушылары жаттыққан шағын спортзалды жауып тастауға мәжбүр болған.


-Нақтылап айта кетсек, қазіргі уақытта білім бөлімінде мектептерді түбегейлі жөндеу үшін 531 млн. теңгенің сметасы дайын тұр,-деді Наталия Фесенко,-биыл ағымдағы жөндеу үшін 6 мектепке қала бюджетінен 217 млн теңге бөлінеді. Және тағы 6 мектепті жөндеу үшін сараптама комиссиясының бекітілген жобасының дайын болуын күтіп отырмыз. Онда қосымша 748 млн теңгенің сметасы қарастырылуда.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесовтың айтуынша, өңірдегі 80 мектепті бірден бір жыл ішінде жөндеу мүмкін емес, бұл үшін кем дегенде 2-3 жыл көлемі керек. Дегенмен, Семей мектептері назардан тыс қалмайды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив