Семейде көп балалы отбасылардан шыққан 500 бала лагерьде тегін демалады
Биыл жазғы лагерлерде 30 мың бала демалады. Семей қаласының маңындағы жазғы демалыс лагерлерінде балаларға толық жағдай жасалған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев пен қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко «Жас Қанат», «Радуга» лагерлерін және «Қарағайлы» санаторийін аралап, жағдаймен танысты.
- Балалардың демалысының қалай өткендігін көру біздің мақсатымыз, - деді білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко, - Асхана, ойын алаңдары, жатын бөлмесіне дейн қарап шықтық. Көбінесе, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардан шыққан балалармен әңгімелестік. Қал-жағдайын сұрадық. Егер қайтамыз десе, алып кетсек деп едік, балалар бәрі жақсы деп жауап берді. Жалпы барлық маусым бойынша көп балалы отбасынан шыққан 500 бала тегін демалады. Биыл «Қарағайлы» санаторийінде жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Мұндағы әр номерде душ, ыстық және суық сумен қамтылған. Тұз шахтасы мен физиопроцедуралар балалардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Олар табиғи дәрумендерге толы коктейльдер, сусындар ішіп, күш-қайрат жинайды. Барлық лагерьлерде бес уақыт тамақтану ұйымдастырылған.