ШҚО құтқарушылары топан су басқан жерлерде тәулік бойы кезекшілік жүргізуде
Қазіргі уақытта жеке үйлердің аулалары мен маңайдағы аумақтардан шамамен 15000 шарша метр су сорылды. Табиғаттың «тосын сыйымен» күресте құтқарушылар мен өрт сөндірушілер күштерін біріктіріп, мотопомптар мен инертті материалдардың көмегімен суды тоқтатуға тырысуда.
Аягөз ауданындағы жағдай қалыпқа келіп қалды. Тасыған су үйлердің іргесінен кері қайта бастады. Аудандық әкімдікте құрылған 4 топтың көмегімен су басқан үйлер мен зардап шегушілер анықталуда. Топтың ішінде №50 өрт бөлімшесінің мамандары да бар. Қауіпті жерден көшірілген тұрғындардың барлығы мектеп-интернатқа орналастырылып, ыстық тамақпен қамтылды.Туыстарының үйіне тоқтағандар да жоқ емес. Қазір Шығыс аймақтық аэромобилді жедел құтқару отрядының мамандары Аягөз өзенінің жағалауын тексеруде.
Облыс орталығында да суды сору жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бір күн ішінде құтқарушылар 3-4 мекенжайға барып, көмектесуде. Өрт сөндіру қызметінің су сорғыш стансалары іске тартылған. Бір тәуліктің ішінде құтқарушылар коммуналды қызметтердің мамандарымен 120 шақыртуға шықты.
«112» желісіне тұрғындардан телефон қоңыраулары әлі де толастар емес. Соңғы 24 сағаттың ішінде ғана 3000 нан астам қоңырау тіркелген. Әрбір хабарлама жіті тексеріліп, шұғыл шаралар қолға алынуда.
Қазір ауа райы суыта бастағаны байқалады. Алайда синоптиктер 13-15 наурыз аралығында әлі де жауын-шашын сақталып, қардың еруіне әкеліп соғатынын ескертеді.