KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 2 м/с, З
491.71 529.97 5.05

Семей – Қарауыл жолы орташа жөндеуден өтеді

28.02.2018, 06:54 165

Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен он сегізінші сессиясында бір ғана мәселе – «2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №16/176-VI шешіміне өзгерістер енгізу жайы қаралды. Сессияның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.



Қалалар мен аудандар әкімдері бейнебайланыс режимінде қатысқан сессияда облыстық бюджетке енгізілген өзгерістерді тарқата баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ластаева облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылауға Үкіметтің 2018 жылғы 23 ақпандағы «2017 жылғы бюджет қаражатының қалдықтары есебінен тиісті бюджеттік бағдарламалардың жылдық жоспарлы тағайындауларын ұлғайту және 2017 жылы республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы даму трансферттерінің пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын 2018 жылы пайдалану (толық пайдалану) туралы» №76 қаулысы негіз болғандығын атап өтті.


Аталған қаулыға сәйкес биыл Аягөз ауданы, Мамырсу ауылынан солтүстік-батысқа қарай 3,8 шақырымда орналасқан, өндірістік қуаттылығы ауысымына 1400 ұсақ мал болатын сою цехының құрылысына инженерлік желілер (сумен, электрмен қамту) тарту жобасы бойынша қалдық  920,8 мың теңге соманы соңына дейін игеру көзделген.


Сондай-ақ, баяндамашы облыстық басқармаларға қосымша қарастырылған қаржыларға жеке-жеке тоқталып, негізінен лимиттердің барлығы да ұлғайтылып отырғандығын жеткізді.


Мәселен,облыс әкімінің аппараты бойынша  103,6 млн. теңге қайта құрылған «Ақпараттық технологиялар орталығы» қызметін қамтамасыз етуге бөлінсе, 120,7 млн. теңге Өскемен қаласындағы жер учаскелерін мемлекет пайдасына алу үшін облыстық жер қатынастары басқармасына бағытталған. 327,4 млн. теңге «Электронды қылмыстық іс» қанатқақты жобасын енгізуге және турникеттер алуға облыстық ІІД-не бөлінген. Бұдан бөлек білім басқармасына 494,6 млн. теңге қарастырылса, оның 433,3 млн теңгесі Мемлекет басшысының  мемлекеттік органдардағы үдерістерді цифрландыру бойынша берген тапсырмасын орындауға арналған. Қалған 61,3 млн. теңге 328 маманды курстық дайындауға және 240 пән мұғалімдерінің іссапарлық шығындарына беріліп отыр.


– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Жомарт жүрек» жобасын жүзеге асыру үшін облыстық ішкі саясат басқармасына 6,8 млн. теңге қаралды. Сонымен бірге педиатрия, онкология және онкогематология саласындағы дәрігер мамандарға ағылшын тілін оқыту қызметіне, сондай-ақ, «Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығын» материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 18,2 млн. теңге бағытталды, - деді сессия барысында Раушан Ластаева.

Бұлардан өзге Семей-Қарауыл автокөлік жолын орташа жөндеуге және әлеуметтік маңызға ие ауданаралық (қалааралық) қатынастағы жолаушылар тасымалын субсидиялауға 444,9 млн. теңге бөлінген. Мұнымен бірге «Рухани жаңғыру» аясында  Шіліктідегі Бәйгетөбе қорғаны материалдары негізінде екі алтын адамның көшірмесін жасауға, Жамбыл саябағын ағымдағы жөндеуге,  Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның және Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін тиісті басқармаға 181,9 млн теңге беріліп отырғандығы айтылды.


Сонымен бірге сессияда Аягөз қаласындағы 600 орындық №4 мектепке, Семей қаласындағы Қарағайлы тұрғын ауданының инфрақұрылымына, Өскемендегі бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысына және мемлекеттік қызметшілерді оқытудың бірыңғай жүйесін құруға байланысты қажетті қосымша қаражаттар қарастырылғаны айтылды.


Сессияда бұдан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді қабылдау туралы, «Коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты комиссияның дербес құрамы туралы» мәслихаттың 2014 жылғы 9 шілдедегі №20/251-V шешіміне өзгеріс енгізу жайлы, облыс әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы, «Кредиттерді қайтару және қайта құрылымдау жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамы туралы» мәслихаттың 2016 жылғы 21 сәуірдегі №2/12-VI шешіміне және облыстың Глубокое ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына өзгерістер енгізуге қатысты әртүрлі мәселелер де қаралып, ол жөнінде облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк баяндады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив