ШҚО бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді
Облыстық әкімдікте өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бесінші сессиясында негізінен бір ғана мәселе – «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 8/75-VI шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралды. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Ринат Омаров, қалалар мен аудандар әкімдері, мемлекеттік ведомстволар, құқыққорғау органдарының жетекшілері қатысты.
Аталған кезектен тыс сессияның жұмысына депутат Зарина Камасова төрағалық етті. Күн тәртібіне қойылған басты мәселе турасында депутаттық корпус алдында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджетті қайта бөлуге өңірдің тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы, ауылшаруашылығы, денсаулық сақтау және тіршілік әрекетінің өзге де салаларын дамытудағы қаржыларды ұлғайту негіз болып отыр.
– Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 8/75-VI шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге 2017 жылдың 17 қарашасындағы республикалық бюджетті нақтылау себеп болды, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев. – Мақсатты трансферттер Семей қаласының қазіргі таңдағы жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға (786 млн. теңге), Зайсан ауданындағы М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатының қазандығын қайта құрылымдауға ұлғайтылып отыр. Білім мекемесі енді қатты отынмен емес, табиғи газбен жылытылатын болады (67 млн. теңге).
Бұдан бөлек Курчатов қаласының орталық алаңын қайта құруға – 147 млн. теңге, Риддердің көшелерін жөндеуге – 402 млн. теңге, Аягөз ауданындағы Мамырсу ауылының су құбыры желісіне – 297 млн. теңге, Риддер қаласынан Батыс-Алтай табиғи қорығына дейін электр беру желісі құрылысына – 366 млн. теңге, Зайсан қаласындағы сумен қамтамасыз ету желісін төсеуге – 561 млн. теңге қарастырылып отыр.
– Таза ауыз суды беру бойынша қызмет құнын субсидиялау үшін ағымдағы мақсатты транферттер облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналды шаруашылығы басқармасында арттырылды(13 млн. теңге). Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін ауылшаруашылығы басқармасына 1 млрд. 363 млн. теңге бөлу жоспарлануда. 540 млн. теңге ішкі істер органдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын көтеруге, 309 млн. теңге дәрілік заттарды, вакциналарды сонымен қатар, балалардың арнаулы тағамдарын сатып алуға бөлінеді, - өз баяндамасында басқарма басшысы.
Сондай-ақ, облыс қазынасындағы бюджеттік қаржыларды сапалы игеру мақсатында қаражаттарды кейбір бағдарламалар арасында қайта бөлуге шешім қабылданған. Мәселен, Өскемендегі 200 орынға шақталған қалалық балалар ауруханасының құрылысына лимит 1 млрд. теңгеге ұлғайтылған. 209 млн. қала іргесіндегі Ахмер ауылындағы орта мектеп құрылысын жүргізуге қайта бөлінген.
Сессия барысында бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар депутаттар тарапынан толықтай қолдауға ие болды. Мұнымен бірге жиында облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшелігіне Ержан Атамбаевтың кандидатурасы талқыланып, облыстық мәслихаттың сессиясына төрағалық етуге Зарина Камасованың өкілеттігі ұзартылды.
Сессияда бұдан бөлек әртүрлі мәсеселер де қаралып, бұл жайында жиналғандарға облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк ақпарат берді.