Жерді тиімсіз пайдаланғандарға жауапкершілік көзделген бе?
– Облысымызда ауыл шаруашылық жерлерін тиімсіз пайдалану немесе ұзақ уақыт бойы пайдаланбау фактілері жиі кездеседі. Ондай жерлерді шаруаға жаратам деушілерге берсе дұрыс болар еді. Жерді алып алып, пайдаланбаушыларға жауапкершілік бар ма?
Советбек Қалибекұлы,
Күршім ауданы
Сауалға облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова жауап береді:
– ҚР Жер кодексінің 65-бабы, 1-тармағы, 3 тармақшасына сай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға, дәлірек айтқанда жердің құнарлығын, ауыспалы егісті сақтауға, мал санының жайылымда оңтайлы жүктемесін қамтамасыз етуге, топырақтың құнарлылығы мен мелиоративтік жай-күйін сақтау және жақсартуға міндетті. Мұндай фактілерді анықтаған жағдайда, заң бұзушыларға 3 ай мерзіміне нұсқама беріледі. Нұсқаманы орындамаған жағдайда, жер учаскесі ЖК 93-94 баптарының тәртібімен мәжбүрлеп алынады.
Ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатындағы жер учаскесін ұзақ уақыт пайдаланбау жағдайында (өңдеу жұмыстарының және егісті жинау шараларының жүргізілмеуі, мал басының болмауы) заң бұзушыға жер учаскесін мақсатына сай пайдалану жайлы 1 жыл мерзімге нұсқама беріледі. Оны орындамаған жағдайда, жер учаскесі кодекстің 92-94 баптарының тәртібі бойынша мәжбүрлеп алынады.
Ауыл шаруашылық жерлерін тиімсіз пайдалану немесе ұзақ мерзім бойы пайдаланбау фактілерін анықтағанда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 338-бабына сай әкімшілік жауапкершілік көзделген (жеке тұлғаларға – ескерту жасауға немесе 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде).