KZ
Өскемен
+2°
небольшой дождь жел 2 м/с, С
487.24 529.34 5.02

Жалған құжат әзірлеген

16.02.2018, 08:21 276

Өскемен қалалық ветеринария бөлімінің бас маманы жалған құжат жасаған. Ол шаруа қожалықтарының бірінің басшысының өзінің үстінен жазған арызын өзі қарап, арызданушыға «кінәлі маманға жаза қолданды» деп жауап берген.


Бөлім басшысы Күдебаев пен бас маман Данияр Құмашқа қатысты тәртіптік іс ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында  қаралды.


Жиында белгілі болғандай, бөлімге бас маман Құмаштың үстінен арыз түседі. Артынан шағым иесіне «бас маманға жаза қолданылды» деген жауап қайтарылады.  Алайда тіркеу журналында бұл хат туралы ешқандай жазу болмағандықтан кімнің қолынан шыққанын нақты анықтау мүмкін емес.


Әдеп кеңесінің төрайымы Жанна Қабдолдақызы бұл әрекеттің жалған құжат әзірлеуге жататынын ескертті.


-Шенеунік мемлекеттік органның атынан хат жазып, бөлім басшысын да, арызданушыны да алдаған. Біз бұған дейін бөлім басшысымен әңгімелескенімізде, Күдебаев бөлімде компьютерді санаулы мамандар ғана меңгергенін, солардың бірі Құмаш екенін айтты, - деді Жанна Қабдолдақызы.

Алайда бас маман Құмаш «хатты әзірлеген Сүлейменов деген маман, қол қойған бөлім бастығы. Мен ешқандай арызды көргем де, жауап жазғам да жоқ», деп шыр-пыр болды.


Бөлім бастығы Күдебаев қызметке 2017 жылдың тамыз айында кірісіпті.


-Бөлімде сегіз маман бар, олардың көбі компьютерді де дұрыс меңгермеген. Қазір құрылымда өзгерістер енгіздім, іс қағаздарын жүргізетін жаңа маман бекітілді. Мен жауап хатқа қол қойғанымды мойындаймын, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейді, - деді бөлім бастығы.

Жалпы бұл бөлімнің жұмысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаментінің назарына да ілігіпті. Департамент басшысы Сергей Потаниннің айтқанына сүйенсек,  2017 жылдың шілде-тамыз айларында бөлім жұмысына қатысты үш қылмысты іс қозғалған. Барлығы да пара алумен байланысты. 2017 жылы бұрынғы бөлім басшысы Серікбаев жеке кәсіпкердің малшаруашылығы өнімдерін облыс орталығында тиісті құжаттарсыз саудалауына рұхсат бергені үшін 85 мың теңге пара алды деп айыпталыпты. Оған пара берген кәсіпкер Нұрмұхамет те жауапқа тартылған. Сергей Потанин бөлімдегі осындай қылмысты істердің Құмаштың қолдау көрсетуінің нәтижесінде ашылғанын жеткізді.


Кеңес мүшелері істі талқылай келе, бөлім басшысы Күдербаев пен бас маман Құмашқа мемлекеттік қызметшінің арына нұқсан келтіргендіктен қызметтеріне толық сай емес деген шара қолдану жөнінде ұсыныс шығарды.


-Бөлімнің бұрынғы басшысы сотталып кетті. Бүгінгі қолданылған шара сіздерге соңғы ескерту. Бөлімнің жұмысын ширату керек, - деп қорытындылады ШҚО бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив