KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
487.24 529.34 5.02

Болатбек ЗАКИМОВ: – Басты мақсатымыз – өңірде интернет сапасын жақсарту

Бүгін, 12:00 9 Айна Ескенқызы

Күні кеше ғана Ұлан ауданындағы Бүркіттөбеде дүркіреп халықаралық фестиваль өтті. Еліміздің түкпір-түкпірін қойып, алыс-жақын шетелден келген құсбегілердің он жеті командасы бақ сынасқан, төрт мыңға жуық көрермен жиналған «Шығыс Салбурынында» бір әттеген-ай болса, ол интернет сапасы болды. Ол жерде интернеттің сапасын жақсартуға болар ма еді? Алда еліміздегі ең ұзын көпір – Бұқтырма көпірінің ашылуы тұр. Ұйымдастырушылар қазірден бастап халық көптеп жиналатын жерде байланыс жағынан не нәрсеге назар аударулары тиіс? Altainews.kz сайтының осы және басқа да сұрақтарына байланыс саласының жілігін шағып, майын ішкен білікті маман, ШҚО Қоғамдық кеңесінің цифрландыру және IT-технологиялар комитетінің басшысы Болатбек Закимов жауап берді.

– Болатбек Закимұлы, бүркітшілер мерекесінде өзіңіз де болдыңыз. Тіпті ұялы телефонмен жай сөйлесу де оңай болған жоқ. Қалай ойлайсыз, интернет сапасын жақсартуға болар ма еді?

– Әрине. Біз кезінде халықаралық шаралар өтіп жатқанда, шетелдік баспасөз өкілдері көп келеді, сол қатысушылар үшін интернеттің қуаттылығын арттыратынбыз. Ондай технологиялар бар. Нақты Бүркіттөбеге келсек, Бозанбай ауылына дейін оптикалық кабель тартылған. Оның арналары көп, бір арнасын сол елді мекендегі абоненттерге қызмет көрсетіп отырған мысалы, Beeline, Кcell, тағы да басқа мобильді байланыс операторлары жалға алып отыр. Операторлар арнаны қажеттіліктеріне қарай кеңейте алады, бұл – талшықты-оптикалық кабельдің артықшылығы. Осы жерде ұйымдастырушылар операторларға шығып, жағдайды түсіндіріп, екі-үш күнге мобильді байланыс арнасын кеңейтуді немесе арнайы қоғамдық wifi қызметін қосуды сұраулары керек. Оны орындау операторға қиын емес. Сонда айдаладағы Бүркіттөбеде де жоғары жылдамдықты интернет болар еді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауында Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген нәтижелерді күшейтуге міндетті екенін айтады. Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру саласын дамытуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Цифрлы Қазақстанды дамыту үшін ең алдымен жылдамдығы жоғары интернет қажет. Интернет – ол құрал, міне, осыдан бастау керек. Бізде жаппай цифрландыру туралы жалынды сөздер көп айтылады. Ал сонау шалғайдағы елді мекендерде цифрландырудың не екенін де түсінбейді, күнделікті әр тұрғын өз үйінде отырып, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алып көрмеген. Бүгінгі таңда облыста аудан орталықтарына дейін оптикалық кабель тартылған, бірақ оған негізінен мемлекеттік органдар ғана қосылды.
Тарбағатай, Зайсан аудандарында интернеттің жылдамдығы 6 мегабиттен аспайды. Ал «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жаппай енгізу үшін, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға кемінде 100 мегабит керек. Пандемиядан кейін әлем қашықтықтан жұмыс істеуге, оқуға болатынын түсінді. Жылдамдығы жоғары интернет ауылда отырып-ақ үлкен қалаларда, әлемнің кез келген нүктесінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ол үшін оптикалық желі әр абонентке, әр үйге жетуі керек. Ауыл тұрғындарының қалалықтармен жоғары жылдамдықты интернетті пайдалану мүмкіндіктері тең болуы үшін оны қарапайым адамдарға жеткізу қажет.

– Облыстық Қоғамдық кеңестің цифрландыру және IT-технологиялар комитеті қашаннан жұмыс істейді?

– Комитет жұмысын 2024 жылдың маусым айынан бастады. Оған дейін облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қабылдауына жазылдым. Мен тұрғындардан интернеттің нашарлығына шағымды үнемі естимін. «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалында басшылық қызметте жүріп, жалпы байланыс саласында ұзақ жылдар істегесін саланың көптеген проблемаларын жақсы түсінемін, көп жылдық тәжірибем мен білімімді қолдана отырып, оларды қалай жою керектігін білемін. Ермек Беделбайұлына түйіндемемді ұсынып, жағдайды жақсартуға көмектескім келетінін айттым. Облыс басшысы барлық басқармалар мен құрылымдардың басшыларын жинап, ақылдасып, Комитет құру туралы тапсырма берді. Басты мақсатымыз – өңірде интернет сапасын жақсарту.

– Осы уақыт аралығында басқа да құрылымдардың басшыларымен барлық аудандарды аралап шыққаныңызды білеміз. Шет жақтағы ауылдардағы мобильді байланыстың сапасы қандай екен?                 

–  Барлық жерде Интернеттіңнашарлығына шағымданады. Тек шалғай ауылдарда ғана емес, кеше  Өскеменнің қақ ортасында орналасқан бір мекемеде болдым, ұялы байланыс ұстамайды. Мектептерде де нашар ұстайды, әкімдік те шағымданады. Байланыс операторларының барлығы жұмысты қалай ұйымдастыру керектігін білмей отырған жоқ. Байланысты орнатудың техникалық жағын мен маман ретінде жақсы білемін. Халықпен кездескенде үнемі қайталаймын, ең бірінші, мекеме басшылары болсын, жеке тұлғалар болсын, қызметті ұсынатын оператордан келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуын талап ету керек. Егер интернеттің жылдамдығы 100 МГб деп жазылып тұрса, сондай қызмет көрсетілуі тиіс. Ол үшін оператордың колл-орталығына шағымданып, міндетті түрде өтініш тіркеу керек. Кейде желінің үзілуінен байланыс жоғалып кетуі мүмкін. Барлық операторлар түскен арыз-шағымдарға анализ жасап, жұмыстарының осал тұстарын анықтап, келешекте одан шығу жолдарын қарастырады, модернизациялау жобаларын жасайды. Бозанбайда тұрғындармен кездескенде бір азамат «таныс монтерді шақырып, өзіміз жөндете саламыз» дейді. Бұл дұрыс емес. Жүйелі түрде нәтиже шығу үшін оператор кемшін тұстарын білуі тиіс. Егер желілер жиі үзілсе, монтерлар жалғап, үлгермей жатса, оператор қосымша штат ашады, жаңғырту жайында ойланады. Бұл өз кезегінде интернет сапасын жақсартуға көмектеседі.

– Ауылдардағы интернеттің мүмкіндігі 6 мгб-тен аспайды дедіңіз. Бұл жағдайда жеке тұлға операторға қалай талап қоя алады?

– Сұрағыңыз орынды. Жеке тұлға келісімшартта көрсетілген жылдамдықтан артық сұрай алмайды. Ал мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеу үшін ол жеткіліксіз. Жоғарыда айттым, кезінде оптикалық кабель аудан орталықтарына дейін жеткізілген. Ал ауылдарды қамту 2027 не 2029
жылдың жоспарында тұруы мүмкін. Бұл жерде мәселені жергілікті атқарушы органдар операторлармен бірлесе отырып, қадағалап, шеше алады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүріп жатыр, сапалы интернет бізге бүгін керек, бұл жұмысты жеделдету үшін бізден қандай көмек керек, не істей аламыз дегендей, мемлекеттік орган мен байланыс операторлары арасында диалог орнатылса, шешілмейтін мәселе жоқ. Анау Күршімде отырған бала да киберспортпен айналысқысы келеді, неге оған үлкен қалалардағы құрбыларымен бірдей мүмкіндік жасамасқа? Тағы бір мысал келтірейін, бір ауылға барғанда бір тұрғынның көршісінен «интернеттен шыға тұршы, мен хабарлама жіберіп алайын» дегенін естідім. Бұлай болмау керек, шалғай ауылдардағы тұрғындар да қуатты интернеттің қызығын көруі тиіс.

– Бізде мобильді операторлардың қызметін, интернеттің сапасын бақылайтын органдар бар ма?

– Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы операторларды шақырып, әңгімелесіп, ұсыныстарын айта алады. Тұрғындардан интернеттің сапасы бойынша түскен арыз-шағымдарды қарау Шығыс Қазақстан облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясының құзырында. Инспекторлар шағым бойынша нақты мекенжайдағы интернеттің жылдамдығын тексеріп, егер келісімшартқа сай еместігін дәлелдесе, операторға айыппұл салады. Өзіміз де өңірдегі байланыс операторларының өкілдерінің басын қосып, интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты ұсыныстарымызбен бөлістік. Операторлардан мемлекеттік орган ғана нақты талап ете алады. Бүгінгі таңда олардың жұмысын үйлестіріп, бақылайтын, талап ететін мемлекеттік орган құру қажеттігі бар деп ойлаймын.

– Болатбек Закимұлы, өңіріміз жаппай цифрландырудан кенже қалып қоймас үшін нақты қандай қадамдар қажет?

– Біріншіден, жұмысты үйлестіру, бақылау жетіспейді. Мен қоғам белсендісі ретінде ұсыныстар айтамын, бірақ өкілеттілігім болмағасын, талап қоя алмаймын. Операторлардың байланыс қызметтерінің сапасын және цифрландыру бойынша одан әрі жұмысты құзыретті мамандар, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер «Байланыс туралы» Заң аясында бақылауы қажет деп санаймын. Екіншіден, қайталап айтам, абоненттер тарапынан талап мықты болса, жағдай түзеледі. Тағы бір ескеретін, бұл үшінші қадам, егер оператордың қызметі ұнамаса, басқа оператордың қызметіне ауысуға болады. Бізде тұрғындар бір тасымалдаушыға үйреніп алады да, интернеті нашар болса да, соның қызметін пайдаланып жүре береді. Қалада бір үйде жақсы ұстайтын байланыс көрші үйде тартпай қалады. Өйткені станциялары, жабдықталуы әртүрлі.

– Дегенмен сіздердің сапарларыңыздан кейін интернеті жақсарған мысалдар да болды ғой?

– Глубокое ауданындағы кездесуден кейін он күн ішінде кенттегі көпқабатты үйлерге оптика тартылды. Егер өңірімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толығырақ айтар болсақ, Қоғамдық кеңестің цифрландыру және IT-технологиялар комитеті облыс басшылығы мен байланыс операторларының қолдауымен аудан орталықтарының тұрғындары үшін оптикалық кабель төсеу жұмыстарын жүргізуде, бұл жоба интернет жылдамдығын 300 мегабитке дейін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда Глубокое, Қасым Қайсенов және Жаңа Бұқтырма сияқты кенттер, сондай-ақ Риддер және Алтай қалалары қосылған. Аймақ басшылығы бізді осы істерде қолдап келеді.

– Болатбек Закимұлы, мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет! Қызметіңізге жеміс тілеймін! 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив