KZ
Өскемен
-8°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Қорғаныс министрлігінен естелік сағаттар сыйланды

18.10.2024, 14:15 88 Төлеуғазы Жансая

Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін шығысқазақстандық 5 сарбаз салтанатты түрде марапатталды.
Биылғы көктем қазақстандықтар үшін айтарлықтай ауыр болды. Себебі Батыс Қазақстан өңірін су басып, талай ауыл-аймақ, мыңдаған үйлер судың астында қалды. Осы  су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан қатардағы сарбаздардың еңбегі еленіп, оларға Қорғаныс министрінің Жарлығымен марапаттар тағайындалды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Екі мыңнан астам мерзімді әскерде жүрген сарбаздар су тасқыны салдарын жоюға, елді-мекендердің жағалауларын нығайтуға, техногендік бөгеттер тұрғызуға және құтқару операцияларына қатысты. Солардың қатарында шығысқазақстандық Чингиз Балтыбаев, Никита Сухосенко,  Бекзат Темірхан,   Сымбат Кеңесов, Данил Баршин, Илья Воробьев болды.

«Біздің сарбаздар, Отанын қорғаушы ер азаматтарымыз жоғары моральдық қасиеттерді, төзімділік пен адалдықты көрсетті. Олардың Отанымыздың игілігі үшін жасаған еңбегі ең жоғары бағаға лайық», - деді ШҚО Департамент бастығының орынбасары (тәрбие идеологиялық жұмыстар мәселелерін жетекшілік ететін) басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник Айдос Майлыбаев.

Марапаттау рәсімі Өскемен қаласындағы №24 мектеп қабырғасында мектеп оқушылары мен ата-аналардың қатысуымен өтті. Бұл оқушыларды патриоттық тәрбиелеуде, Отанға деген құрметті арттыруда және әскери қызметшілердің мәртебесін көтеруде маңызды.  Салтанатты шара барысында сарбаздардың ата-аналарына да алғыс сөздер айтылды.  

«Бұл іс-шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Мұндай марапаттауды мен күтпеген едім. Көктемгі су тасқыны еліміз үшін қиын кезең болды. Сол кезде біздің мойнымызға артылған жүк жеңіл болмады. Бірақ біз қаншалықты маңызды әрі жауапты іс атқарып жүргенімізді түсіндік. Оның үстіне біздің көмегіміз, сол кездегі жұмыс күші ретінде, құтқарушылар ретінде атқарғанымыз ол таза өзіміздің қалауымызбен, ықыласымызбен істелді. Біздің күш-жігеріміздің еленіп, ескеріліп жатқаны қуантады», - деді запастағы қатардағы жауынгер Чингиз Балтыбаев.

Азаматтық өмірге оралған жас сарбаздарға әскери күштердің дәстүрі бойынша Қорғаныс Министрлігінен естелік сыйлық - қол сағаттар табысталды. 
Бұл салтанатты шара әскери қызмет тек міндет емес, сонымен бірге үлкен абырой екенін және сарбаздардың еңбегі әрқашан лайықты бағасын алатынын көрсетті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу