KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 4 м/с, З
439.43 473.31 4.82

Жаңа Сограда мектептің таршылығы шешімін табады

9.02.2018, 12:35 141

Облыс орталығының Жаңа Согра кентінде орналасқан Мұхамет Шаяхметов атындағы екі тілде білім беретін орта мектепке қосалқы 300 орындық ғимараттың құрылысы басталды. Жаңа нысанның құрылысына қажетті қаржы республикалық бюджеттен және «Өскемен ТМК» АҚ тарапынан қарастырылып отыр.


Ғимараттың іргетасын қалау және капсула салу салтанатына Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев және депутаттар, ұстаздар, оқушылар, қоғам өкілдері қатысты.


– Жыл сайын қаламыз дамып, ұлғайып келеді. Жаңа Согра кентінде халық саны артуда. Оның жарқын көрінісі, мынау бүгінгі № 23 мектептің қосалқы құрылысы. Естеріңізде болса, былтыр Өскеменде мемлекеттік тілде оқытатын мың орындық екі мектептің құрылысы басталды. Бұл мектептен де қаламыздың, еліміздің даңқын арттыратын оқушылар шығады деп сенемін, - деді қала әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Ал «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамытова кенттің бар тыныс-тіршілігі комбинатпен біте қайнасып жатқанын, Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саланың даму маңыздылығын ерекше атап өткенін жеткізді.


[su_slider source="media: 23647,23645,23644,23646,23648,23650,23651"]


– Бүгін өте маңызды күн. Жаңа корпустың салынуын ұзақ күттік. Себебі, бұл мектеп әр кезде де білім саласында жетістіктерімен танылып келеді. Былтыр білім ұясы Ұлы Отан соғысының ардагері, осы мектептің бірінші директоры Мұхамет Шаяхметовтың есімін иеленді. Мектеп пен комбинат арасында өзара берік байланыс орнатылған. Құрылыстың басталуына ықпал жасаған, біздің өтініш, тілектерімізді ескерген облыс, қала басшылығына алғыс білдіреміз. Комбинат өз тарапынан 26 млн теңгені құрылысқа бөліп отыр. Амандық болса, бір жылдан соң тағы да осы нысанның ашылу салтанатында кездесетін болайық, - деген Әсем Мамытова болашақта мектеп түлектерінің басым көпшілігі Өскемен титан-магний комбинатында титан өндірісі саласында еңбек ететіндігін атап өтті.

Кенттегі мектептің таршылығы бұрыннан да сезіліп келген. Қосалқы ғимарат іске қосылған соң, онда бастауыш сыныптың оқушылары білім алмақ. Негізгі мектеп ғимаратына біріктіріліп салынатын корпуста жаңа акт залы, спорт зал, асхана, медициналық кабинет және музыка кабинеті болмақ.


– Қазіргі кезде оқушылар екі ауысыммен оқуда. 820 орындық ғимаратта 1300 бала 59 сыныпта оқып жатыр. Сондықтан, қосалқы ғимарат біз үшін аса қажет. Мектеп пен зауыт арасында елімізде жоқ әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісі қалыптасқан. Бұл жаңа жылдың басында мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар кеңесі үшін үлкен жақсылық. Бар күш жігерімізді дарынды да білімді ұрпақ тәрбиелеуге жұмылдыратын боламыз, - дейді мектеп директоры Сәуле Нұрқанова.

Мұнан соң қала әкімі бастаған құрметті қонақтар салтанатты жағдайда жаңа ғимараттың іргетасын қалап, оған болашаққа арналған үндеу салынған капсула салды.


Атап өтерлігі, қосымша корпустың құрылысын  «Беки» ЖШС жүргізбек. Нысан келер жылдың ақпанында тапсырылады деп күтілуде.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив