KZ
Өскемен
+17°
пасмурно жел 1,4 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Мұхамет Шаяхметов: Кеңестік жүйе қазақтардың өсімін 5 есеге шегерген

31.05.2018, 10:31 139

Өткен ғасырдың өн бойы қазақ үшін саяси қуғын-сүргінге толы болды. Бір-біріне іркес-тіркес келген қос ашаршылықтың өзі-ақ жан санымызды қаншалықты ойсыратып кеткенін ресми тарих әлі нақтылап бере алмай отыр. Әйгілі педагог Мұхамет Шаяхметов «Тағдыр» атты автобиографиялық кітабында өз әулетінің тарихы арқылы қазақ ұлтының өсімі қалай қолдан тежелгенін жіліктеп жазады. 31 мамырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұстаздың сол деректерін қазақшалап ұсынып отырмыз.


Тарихқа үкім айтып, тұжырым жасайтындай Мұхамет Шаяхметов деген кім еді деуіңіз мүмкін. Ол Шығыстан шыққан көрнекті педагогтардың бірі. Кулактың тұқымы ретінде мектептен қуылып, әкеден ерте жетім қалғанына қарамастан, жоғары білім алып, соғыстан кейінгі жылдарда Күршім және Ұлан аудандарында, Өскемен қаласында мектеп директорлығы қызметтерін атқарды. Оның ұлы Бағдат Шаяхметов  «Өскемен титан-магний комбинатын» тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен тонаудан аман алып шығып, әлемдік деңгейдегі өндіріс ошағына айналдырған ірі менеджер болды. Қазір   комбинаттың    өнімдері    әлемдегі титан нарығының 14 пайызын    құрап  отыр.  Зауыт  өнімдерінің   17 пайызы    халықаралық аэроғарыш  саласына  жұмсалады.


2002 жылы орыс тілінде жарық көрген «Тағдыр» атты кітабы Мұхамет Шаяхметовтың 1930-45 жылдардағы өмірін қамтыған. Педагог өз әулетіне түскен нәубетті баяндау арқылы сол кездегі Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті қазақтарының тағдырдан тартқан тауқыметін нақты архив деректеріне сүйене отырып береді.


«1930 жылы Шығыстағы қазақтар соңғы рет жайлаудан күзеуге көшті. Одан кейін төрт мезгіл қоныс аудару салты пышақ кескендей тыйылды. Көшпен бірге қазақтар бауырмалдық, уәдеге тоқтау, обал мен сауап дейтін қастерлі ұстанымдардан ажырап қалды» деп бастайды автор.


«Біздің бақуатты әулеттің кеңес билігі кезіндегі демографиясы бүкіл қазақ халқынікіндей трагедияға толы. 1931 жылы бір атадан 20 еркек кіндікті тараса, ғасыр соңында олардан өскен ұлдардың саны 11 болған. Адамның табиғи өсімі 3 пайыз деп есептегенде 60 жылда 20 еркектен 36 ұл бала өрбуі керек еді. Ал біздің жағдайда нақты өсім саны – 7 адам. Яғни, әулеттің өсімі 5 есеге тежелген. Бүкіл қазақ даласында дәл осындай демографиялық жағдай болды» - делінген кітапта. Кітап авторының айтуынша, 1920-70 жылдар арасында қазақтардың саны мүлде өспеген.  Тек 1970 жылы ғана жан санымыз 50 жыл бұрынғы деңгейге жетсе керек. Бұл тұжырымын Мұхамет Шаяхметов өз әулетінің шежіре кестесі арқылы дәлелдейді.


 





Жылдар


Жан саны


Соның ішінде




Некедегілер


Ер


Әйел


Жастар


Ер


Қыз





1900          53                         27             11              16           26             14           12


1910          55                    32             14              18           23             14            9


1920          59                    31             12              19           28             12           16


1930          69                    42             17               25          27             14           13


1940          26                    16             6                 10          10              3             7


1945          23                    15             6                  9            8               5             3


1950          31                    22             9                 13           9               4             5


1960          50                    21             8                 13          29             13           16


1970          56                    30            14                16          20             10           10


1980          61                    33            15                18          28             18           10


1990          70                    40            18                22          30             16            14





«Әулеттің басында тұрған Нәуей бабадан 1820-1920 жылдарда 25 еркек кіндікті тараған. Осы 25 еркектен ХХ ғасырда 625 ер бала өрбуі керек болған. Табиғи өсім заңдылықтарын ескере отырып, тең жартысын алғанның өзінде 300 ер адам ұрпақ жалғастыруы керек болған.  Ал біздің жағдайда 90 жылдың ішінде ер адамның өсімі 7 адам ғана болып отыр. Кеңес билігінің 50 жылында тіпті 3 адамға кеміп кеткен. ХХ ғасырда мұндай трагедия қазақтың әр үйін шарпыды» - дейді Мұхамет Шаяхметов.


Педагогтың есебіне салсақ, қазіргі 12 млн қазақтың орнында 60 млн адам болуы тиіс.


«1932 жылдың жасында Шығыс Қазақстан даласына аш қазақтардың нөпірі ағылды. Олардың бәрі мұндағы адамдар тоқ отыр деген қауесетке сеніп келген еді. Көбі аңсап шыққан ауылдарға жете алмады. Ал жеткендері не істерге жұмыс, не ішерге ас таппай қиналды. Өскемен, Зырян, Риддер сияқты өнркәсіптік қалалардың басшылары аштықтан босып келген адамдарды аластаудың жолын қарастыра бастады. Мұрағат құжаттарында егінді ауылдар мен қалаларды «ашарықтардан» тазарту туралы өтініштер мен ұсыныстар, жиналыс хаттамалары сақталған. Мұндай көзқарас 1932 жылдың шілдесінде КСРО Министрлер кеңесінің «Қазақстанның аштыққа ұшыраған халқына көмек ұйымдастыру» туралы Қаулысы шыққанда ғана тыйылды. Ал ол кезде аштық бүкіл қазақ даласын түгел жайлап алған еді.  Басқаны қойғанда мән-мағынасыз жиындар мен ұраншыл шерулерге жұмсалған қаражаттың өзіне мыңдаған жанды аштықтан құтқаруға болатын еді. Осының бәрін таразылай келе, жан-тәніммен беріліп, адал қызмет еткен жүйенің әділетсіз болғанын түсіндім» - дейді Мұхамет Шаяхметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив