KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Орман шаруашылығына дәнекерлеуші, механизатор, слесарь мамандар аса қажет

10.01.2018, 07:20 233

Семейге келген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ольга Шишигина, Евгений Козлов, Шавхат Өтемісовтер кезекті сапарларын «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватында жалғастырды. Орманшылармен кездесуге қала әкімі Ермак Сәлімов те қатысып отырды. «Семей орманы» МТОР бас директоры Мұрат Дәулетовтың айтуынша, бүгінгі таңда кәнігі орманшы кәсібін меңгергендердің саны азайып кетіпті.


Ал жастар бұндай ауыр жұмысқа келгілері жоқ. Сондай-ақ, токарь, слесарь, дәнекерлеуші, механизатор және трактордың құлағында ойнайтын кәсіби маман иелері жетіспей жатыр екен. Мұрат Дәулетов Орман шаруашылығы Комитетіне хат жолдап, ормашылар құралмалы үй сұраған екен. Құралмалы үй 600 мың теңгеден 1,5 млн. теңге көлемінде тұрады. Егер жұмысқа келген жас мамандар, жас отбасылар осындай үйлермен қамтылса, онда олар қарайтын 663, 3 мың гектар жерді қорғау ісі жанданары хақ.


-2018 жылы Ақсары кентінде, яғни Ақсайда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1700 жер телімі жеке баспана тұрғызуға беріледі,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,-сіздер де осы бағдарламаға атсалысыңыздар. Онда ауыз су мен жарық, инженерлік инфрақұрылым мәселесі толық шешілген. Несиелеу жүйесі де сәулетті үйге тиімді.


Жиналыс барысында Мұрат Дәулетов халық қалаулыларын орман резерватының жетістіктерімен де таныстырып кетті. 1997-2003 жылдары өрттің салдарынан Семей орманының 20 пайызы құрып кеткен еді. 663,6 мың гектар орман жерінен 166 мың гектары күйген жерге жатқызылды. Міне, осы жерді қалпына келтіру үшін дееру «Семей орманы» резерваты құрылып, іске қосылды. Қазірде резерват орманды қалпына келтіріп жатыр. 14 жыл бойы жанған жердің орнына көшеттер отырғызылып, өсірілді.


-2016 жылы «Семей орманы» МОТР-ының Бесқарағай ауданындағы Канонерка филиалында бүкіл Азияда теңдесі жоқ орман көшеті тұқымын өсіретін кешен салынған. Бұл жерде жылына 2,5 млн. көшет жабық түрмен өсіріліп, 10 млн көшет ашық тамырлы жүйемен өсірілуде,-деді бас директор Мұрат Дәулетов,-біз орман өртінің алдын алуда бейнебақылауды қолдануға көштік. Ауа-райы ашық кезде камера арқылы 60 шақырымды анық көреміз. Ал бұлыңғыр күндері 15 шақырымды көруге мүмкіндік бар. Сөйтіп, енді ғана тұтанған жерлерді дереу өшіріп, басып тастаймыз. Бұл орман қорғауда аса пайдалы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив