ШҚО-да полицейлерге арналған оқыту-жаттығу орталығы ашылды
Облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық ішкі істер департаментіне қарасты оқу-жаттығу орталығының ашылуына қатысты. Аталмыш орталық бұрын таратылған облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ 156/13 түзету мекемесі орнында орналасқан.
Естеріңізге салайық, 2016 жылдың тамыз айында республикамыздың барлық ІІД жанынан арнайы даярлық басқармалары құрылған болатын. Мұндай мекеме біздің облыста да пайда болып, оның құрамына 30 қызметкерден тұратын штаб кірген-тін. Алайда күні бүгінге дейін аймағымызда осы жеке құрамның жауынгерлік дайындығын жетілдіруге бағытталған бірде-бір мамандандырылған база болмаған еді. Енді облыс әкімінің тікелей араласуымен бұл олқылықтың да орны толтырылды.
Бұрынғы қоныс-колонияның аумағы мен ғимараттарын тәртіп сақшыларының жауынгерлік дағдыларын жетілдіруге арналған орталыққа айналдыру мақсатына бюджеттен қомақты қаражат – 357 миллион теңге ақша бөлініпті. Мұны жаңа нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов те ерекше атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, құқық қорғау органдары атқарушы биліктің құрамдас бөлігі болып табылады, сіздер де мемлекеттік қызметтегі адамсыздар. Сіздер әрбір азаматымыздың бейбіт өмірін қорғап, ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген кәсіби мамандарсыздар. Сондықтан билік тарапынан ІІД қызметкерлеріне қашан да зор мән берлетін болады. Ал соның бір айқын дәлелі ретінде бүгін есігін айқара ашып тұрған осы орталықты айтуға болады. Мұнда құқық қорғаушыларымыздың біліктілігін арттыруға барлық жағдай жасалған, – деп тәртіп сақшыларын жаңа арнайы дайындық орталығының ашылуымен құттықтаған облыс әкімі жиналғандарға тағы бір қуанышты хабар жеткізді.
Аймақ басшысы хабарлағандай, қазір тиісті мекемелермен облыс орталығында полиция қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үй салу мәселесі қарастырылуда.
Жаңа орталықта, шынымен де құқық қорғау органдары қызметкерлерінің оқу-жаттығу жиындарын өткізуге барлық жағдай жасалған екен. Атап айтсақ, мұнда заманауи интерактивті тир, қару-жарақ қоймасы, тренажер залы, күрес залы, кедергі жолақтары бар спорттық қалашық, мәжіліс залы, 50 төсек-орындық казармалық үй-жай мен асхана бар. Орталық соңғы үлгідегі бейнебақылау және арнайы байланыс жүйелерімен, кабинеттері қазіргі заманға сай құрылғылармен жабдықталған. Ғимараттың бөлмелері мен залдарын аралап шыққан облыс әкімі атқарылған жұмысқа жоғары бағасын берді.
Облыстық ішкі істер департаментінен хабарлағандай, бүгінде мұндай оқу-жаттығу орталығы бүкіл республика аумағында кемде-кем екен. Келер жылы мұнда атыс тирі мен тағы бір спорт алаңы пайда болмақ. Орталыққа облысымыздың барлық аудан-қаласынан полиция қызметкерлері келіп, алты күндік оқу-жаттығу жиындарына қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттыратын болады, дейді мамандар.