KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 2 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Семейде «Алаш ұлағаты» кітабының тұсауы кесілді

9.11.2017, 12:39 158

Тарихшы-ғалым, профессор Амантай Исин құрастырған «Алаш ұлағаты» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап Алаш қозғалысының рөлі мен маңызын зерделеуде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған.Шараға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Юрий Пазына, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорының директоры, ғалымның қызы Дина Мұхамедхан, ақын, абайтанушы, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков, журналист, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров пен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетінің оқытушылары мен студенттері, колледж және мектеп ұстаздары мен кітапханашылары қатысты.


Шараның шымылдығы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің мұғалімі Самат Сыпатайұлының орындауындағы «Арыстар қайдасыңдар» атты әнімен ашылды. Бұдан әрі Орталық кітапхана қызметкері Жанат Әбілмәжінова «Алаш» қозғалысының құрылу тарихы туралы әңгімелеп, ұлттық тарихымызға өздерінің ұлы еңбектерімен енген Алаш қайраткерлері туралы айтып өтті. Сондай-ақ, қаладағы Алаш орда өкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай қаламызда өткізіліп жатқан шараларға тоқталып, шаһарымызда ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткішінің ашылуы және Алаштың соңғы тұяғы, ғалым Қайым Мұхамедхановқа салтанатты түрде көше атауының берілгенін атап өтті.

Шара Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Юрий Пазынаның сөзімен жалғасты. Ол алашордалықтардың ойы мен ісі бүгінгі күнге дейін Тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне қызмет етіп келе жатқанын әңгімесіне арқау етті. Өз сөзінде: «Олардың рухани-адамгершілік қасиеті туған жерге, және еліне деген шынайы махаббаты мемлекеттің аумақтық тұтастығын, мәдениеті мен тілін және рухани құндылықтарын сақтап қалуға мүмкіндік берді», деп атап өтті.


Бұдан соң шараны жүргізуші Жанат Советқызы ұрпағымызға ұлағат дарыту мақсатында жарық көрген «Алаш ұлағаты» атты кітабы рухани жаңғыруымыздың бір көрінісі екендігін атап өтіп, сөз кезегін Амантай Исинге берді.


Өз сөзінде автор жинағында тұңғыш рет тақырыптық негізде топтастырылған ұлт көшбасшылары және Алаш қайраткерлерінің мемлекет, тіл, дін, мәдениет, жер, тәлім-тәрбие сонымен қатар, туған жерге деген қамқорлық, Отанына, халқына деген махаббатқа толы қысқа тұжырымды ұлағатты ойлардың жинақталғанын айтты. Бұдан әрі сөз кезегін алған ғалымның қызы Дина Мұхамедхан Семей - тарихы бай қала, ол көрнекті ғалымдар және мәдениет қайраткерлері ғылым және әдебиеттің дамуына елеулі үлестерін қосқан, руханият пен мәдениеттің орталығы, деді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның тарихына өшпестей із қалдырған әкесі Қайым Мұхамедханов жайлы толғана баяндап берді.


Сол кездегі барлық қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан туған елінің жарқын болашағына нық сеніммен қараған Қайым Мұхамедханов Абай, Шәкәрім және алашордалықтардың есімдерін қорғап қана қоймай, олардың тыйым салынған ұлағатқа толы сөздері мен шығармаларын мәңгі есте қалдыру үшін жан аямай күресті.


Шара барысында қатысушыларға кітапхана сайтында орналастырылған «Әр жүректе туған жер» атты өлкетану бағытындағы парақша бойынша бейне-шолу және Абай атындағы әмбебап кітапханасының сайтындағы «Алаш» электронды кітапханасы ұсынылды.


Шараға қатысушылар қоғамдағы рухани жаңару төңірегіндегі сұрақтарды талқылау барысында күні кеше халқына адал қызмет еткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және басқа да көптеген Алаш қозғалысының қайраткерлері мен көшбасшыларының еңбектерін үлгі етті.


Шара соңында өскелең ұрпақ тәрбиесі үшін «Алаш ұлағаты» кітабының қажеттілігі мен маңыздылығын атай отырып, ұстаздар мен студенттер авторға шынайы алғыстарын жеткізді. «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қоры қатысушылардың барлығына жаңа кітапты тарту етті. Ал автор болса ізгі тілектерін жазған қолтаңбасын қалдырды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив