Су тасқынның үшінші кезеңі толық бақылауда - ШҚО
сурет редакция архивінен
Шығыс өңірінде соңғы күндері жауын-шашын молайды. Соның салдарынан өзен-сулардың деңгейі көтерілді. Ресми дерек бойынша, Алтай ауданында – 11, Катонқарағай ауданында 6 елді мекенге су басу қаупі төнген. Алайда бұл жолы да жергілікті атқарушы орган мен төтенше қызмет өкілдерінің үйлесімді іс-қимылы тығырықтан алып шықты. Аталған аудандарда бірде-бір тұрғын үйге су кірген жоқ.
Жауын-шашынның мол түсуінен Бұқтырма өзені тасып, оған қоса жерасты суларының деңгейі көтеріліп, Алтай ауданының Зубовка кентінде бірнеше тұрғын үйге тасқын қаупі төнген. Атап айтқанда, бес тұрғын үйге және 24 үйдің ауласына су кіруі ықтимал болған. Жауапты мамандар жедел әрі жұмыла әрекет етті. Бұқтырма өзенінің жағалауы нығайтылып, тасқынға қарсы тиісті жұмыстардың дер кезінде жүргізілуі нәтижесінде қауіп сейілді. Жергілікті атқарушы билік пен тиісті қызметтердің өкілдері жағдайды бақылауға алған. Қазір аталған елді мекенде жағдай тұрақты.
Биыл облыс аумағында қар шамадан тыс қалың болғанын айта кеткен жөн. Әсіресе таулы аймақтарда орналасқан Марқакөл, Алтай, Глубокое, Самар аудандары мен Риддер қаласы қасат қардың астында қалды. Ақ ұлпа жамылғысының қалыңдығы көпжылдық орташа мәннен 1,5-2 есе асып түскендіктен, Шығыс Қазақстан көктемгі су тасқыны қаупі басым аймақтар қатарынан саналған. Алайда мамандар су тасқынының алғашқы екі кезеңін еңсеріп, үшінші толқынға да тосқауыл қойып жатыр. Мұның бәрі дер кезінде жүзеге асырылған алдын алу шараларының нәтижесі екені анық. Қазақстан гидрогеологтар қауымдастығының президенті Данияр Жұмабеков те тасқынға тас-түйін дайын болған жалғыз өңірі Шығыс екенін ерекше атап айтқан.