Үржарда тасымалдау кезінде екі тонна шөп отқа оранды
Үржар ауданында шөп өртеніп жатыр. Өңірде осымен екі жағдай тіркелді.
Көктере ауылында жеке меншік үйдің ауласында 20 тонна шөп қызыл жалынға оранған. Қатты соққан жел ұшқынды жанындағы қора-жайларға жайып жіберу қаупі төнгендіктен жергілікті өрт сөндірушілер қосымша мамандарды шақыртқан. Өртке қарсы қызметтің мамандары қосымша күштің көмегімен шөптің бір бөлігі мен шаруашылық үйлерін тілсіз жаудан аман алып қалды. Өрттің шығу себептері ретінде қасақана өртеген немесе абайсыздық деген болжамдар бар.
Екінші жағдайда шөпті трактормен тасымалдау кезінде екі тонна шөп отқа оранған.Өрт сөндіру қызметі шақырылмаған. Мамандар трактор ақаулы болған немесе ұшқынды өшіретін құралғы болмаған деген болжам жасап отыр.
Өртке қарсы қызмет шөпті сақтаған, тасымалдаған кезде төмендегідей қарапайым сақтандыру шараларын ұмытпауды ескертеді.
Шөпті электр желілерінен 15 метр, жолдан және тұрғын жайлардан 20 метр қашықтықта сақтау керек. Сақтау орындарын өртке қарсы құралдармен жабдықтау қажет. Сонымен қатар тракторды ұшқынды өшіретін құралғымен жабдықтауды ұмытпаған жөн.
Осындай сақтық шараларына қарамастан өрт шығатын болса, өрт сөндірушілерге хабарлап, олар келгенше отқа топырақ шашып, жанып жатқан шөптің маясын мүмкіндігінше үйден алысырақ жылжыту қажет.