Бір-ақ күннің ішінде бүкіл Қазақстанға танымал болған «әлиханшыл» Берікхан ағамен (суретте) әңгімеміз ауырлау басталды. Ескерткішке қатысты туындаған шу кейіпкерімізді әбден қажытса керек.
«Тәуелсіздік менің көзімді ашты» - дейді Бекең. Орта мектепті орысша тәмамдаған жігіт ағасы көмейіне қалың ой лықсып келгенде еріксіз орысша сөйлеп кетеді екен. Дыбысталуы орысша демесеңіз, айтқан сөзінің бәрі қазақтың әңгімесі, қазақтың қамы, қазақтың намысы.
Ол күн ұясына көтерілместен жүк тиегіш тракторына мініп, «Нәпақа, қайдасың?» - деп жүріп береді. «Жүргенге жөргем ілінері» бесенеден белгілі. Сол нәпақаның соңында жүріп, қараңғы қоюланғанда үйіне бірақ келеді. Міне, Берікхан ағаның күнделікті жұмыс кестесі осындай.
Үш қыз, бір ұлды жеткізу үшін Б.Жұмаділов жыбырлаған техниканың бәрін тізгіндепті. «Шопыр бала», «тракторист жігіт», «крановщик ағай», «погрузчигі бар Берікхан» осы лақап аттар-ақ кейіпкеріміздің өткен өміріне қатысты барлық мағлұматты беріп тұр. Техникамен алысып жүріп, төрт баланың үшеуіне жоғары білім алып берді. Тіпті үлкен қызы мен жалғыз ұлында қос-қостан диплом бар екен. Алдыңғы екі қыз бүгінде бөлек түтін тұтатып отыр. Ұл мен кенже қызы өз қолында.
-Олардың да отбасын құратын кезі келді, - дейді 55 жасар жігіт ағасы. Берікхан ағаның өзі де төрт баланың бірі болыпты. Кезінде кеңшар басқарушысы болған әкесі биыл 82-де. Ал марқұм анасы 1937 жылы туған екен. Тура Әлихан Бөкейханов атылған жыл. Өзіне қатысты соңғы үкімді естіп тұрып, алаш ардақтысы соңынан жоқтар ұрпақтың келеріне сенбеді дейсіз бе? Сенді, әрине. Сол сенім алдамапты. Қазір ұлды болған жас отбасының екіден бірі Әлихан деп ат қояды. Тіпті Әлихан есімі ең көп кездесетін аттардың көшін бастап тұр. Халықшыл азаматтың есімін бәрінен бұрын халықтың ұлықтауы бекер емес. Берікхан Жұмаділов те сол халықтың өкілі.
-Әлихан Бөкейханов туралы тәуелсіздік алған соң ғана білдім. Төл тарихымыздың уызына жарымай өскенімізді сол кезде ұққанмын. Тәуелсіздік қой менің көзімді ашқан. Саяси қуғынның барлық ауыртпалығын айтпағанда, Әлихан өмірінің соңғы екі жылын абақтыда өткізген. Қорлықтың бәріне төзе отырып, халық алдында, тарих алдында, серт ішіп, анттасқан серіктерінің алдында ақ кетті...
...Бірде интернеттен Ә.Бөкейхановтың 1932 жылы қамауға алғанда түскен суреті мен 1937 жылы атылар алдында түскен суретін қатар көріп қалдым. Екі суреттің арасы жер мен көктей. Бірі баласы да, бірі әкесі сияқты. Қандай қорлық, неткен қайсарлық десеңізші! Осы суреттен қатты әсер алып, Ертістің жағасына Әлиханның ескерткішін қоям деген ойға мықтап бекіндім, - дейді Берікхан Жұмаділов.
Жергілікті мүсіншілерге ескі ескерткіштердің материалынан Алаш көсемінің тұлғасын сомдап бергені үшін өз қалтасынан 400 мың теңге төлепті. Ол ақшаны отбасы бюджетінен жырымдап жинағанын айтады. Ал қалған 100 мың теңгені Ахмет есімді түрік азаматы беріпті. Жұбайы Беркіханның бұл ісін құптай қоймаса керек. Ескерткіш дайын болған кезде «Осымен тоқтарсың енді» деген емеурін айтыпты. Есесіне жалғыз ұлы Мадияр әкесінің ісіне шамасы келгенше көмектескен екен.
-Ұлым осы ескерткіштің қамымен түндерді ұйқысыз өткізгенімді көріп жүрді. Сонда да бірауыз қарсы сөз айтпады. Керісінше ниеттес бола білді. Соған қарағанда іс-әрекеттерім арқылы-ақ ұлыма ұлттық тұрғыда тәрбие берген сияқтымын. Десанттық-шабуылдау әскері сапында борышын өтеді. Каратэден қара белбеу иегері. Дзюдо мен қоян-қолтық ұрысты да меңгерген. Екі жыл бойы Президенттің жеке күзетіне кіруге талпынып еді, болмады, - дейді әке Берікхан.
Ескерткіштің шуы басылғаннан бері Берікханның өмірі де өз арнасына түсе бастады. Тек күнделікті режимінде сәл-пәл өзгеріс бар. Әдетінше таңнан бұрын оянғанымен, Әлихан ескерткішінің алдында аз-кем аялдауға тура келіп жүр. Өйткені түні бойы бұл арадан жастардың аяғы үзілмейтін болып алған. Жастар тып-тыныш кетсін бе, күнде қоқысты тазалап, сыпырып-сиыруға тура келеді.
-Әкімдікке осы мәселемен барғанмын. Кіруге тыйым салған жағдайда жастармен бірге өзім де маңайлай алмай қалады екенмін. Заң солай, қайтеміз енді. Енді жоқ дегенде шлагбаум орнатып берсе екен. Әйтпесе жылдар бойғы еңбек зая кететін түрі бар, - дейді энтузиаст.
Әңгіме аяғында Берікхан аға бізге бір мәселені мұқият тапсырды.
-Мен Әлиханға ескерткіш қою арқылы ешкімнің қытығына тиюді ойлаған жоқпын. Бұл іске жылдар бойы, саналы түрде келдім. Тіпті өзге ұлттардың көңіліне келмес үшін кеңестік идеологияның мүсіндерін де жаңғырттық. Ал Семейге Әлиханның алып ескерткіші қойылатынын тым кеш естідік. Ол кезде біздің ескерткіш те дайын болып қойған. Қала әкімдігі жобаға 31,9 млн теңге бөлгенін естігенде, менің мүсіншілерім әңгіме шығарды. Оларды да түсінуге болады, бала-шағасын асырау керек дегендей. «Ескерткішті өздерің ала беріңдер. Тек қор қылмасаңдар болды» - дедім. Ақыры өз ескерткішім өзіме бұйырды, - дейді Бекең.
Ескерткіштегі Әлихан бейнесі интернеттегі суреттер негізінде сомдалған. Тапсырыс берушінің өтініші бойынша мүсіншілер көзін сәл-пәл еуропалық нәсілге ұқсатқан екен. Сонда да шындықтан көп ауытқымаған. Керісінше, жүзінде бүгінгі күнге риза қалыптағы жылы жымиыс бар сияқты... Астындағы тұғырымен есептегенде бес метрге жуықтайтын ескерткіштің қапталына Ленин, Сталин, Дзержинский, М.Горький сынды тарихи адамдардың кеуде мүсіндері жайғасқан.
Берікхан аға екі қабатты үйінің терезесінен Әлихан ескерткішіне қараған сайын баба алдындағы өлшеусіз қарыздың бір мысқалы өтелгендей марқаятынын айтады. Алаш рухының сөнбегенін, сөнбейтінін мәрт әрекетімен дәлелдеген «әлиханшыл» Берікхан Жұмаділов осындай жан. Оның жас ұрпаққа көрсеткен үлгісін дұрыс насихаттай білсек, талай жастың алашшыл рухпен ер жетуіне түрткі болары сөзсіз.
Есімжан Нақтыбайұлы
"Дидар" газеті