Семей қаласының тұрғыны, қарапайым тракторист Берікхан Жұмәділов «Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың ескерткішін тұрғызды. Аталмыш туынды жолында төрт жыл бойы тер төккен ол, ескерткішке жұмсалған қаражатты өз қалтасынан шығарыпты.
Ол үлкен істі бастап кетуге әу баста ақша мәселесіне байланысты жүркесінгенін де жасырмайды. Алайда, 2016 жылы, Ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойы қарсаңында тәуекелге бел буады да, ойындағы істі жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп кетеді. Қолда бар қаржы 500 мың теңге. Ең бастысы жергілікті мүсіншілер де Берікханның бастамасын қолдап әкеткен сияқты.
-Олар менің таныстарым ғой, өз ісінің мықты шеберлері. Ақшамызды тек материалға ғана жұмсадық. Сондықтан ескерткішке аралас материалдарды қолдандық. Оның құрамына белгілі бір деңгейде арнайы цемент араласқан. Осы қоспа қазір барлық жерде кеңінен пайдаланылады. Тастан да қашап жасауға болары еді, бірақ қымбат. Ең бастысы бұл материалмен ескерткіш ұзақ сақталады және кез келген ауа-райына төзімді. Ескерткішті бірнеше айдың көлемінде жасадық. Ұлы тұлғаның толық дене тұрқын жасап шығаруымыз керек болды, қолына қалам мен қағаз ұстаттық, ал бет-әлпетін портретіне қарап отырып келтірдік. Ескерткіштің сырты кварц жабынымен әдеміленіп, оның үстіне қола жалатылған,-дейді Берікхан Жұмәділов.
Қазір ескерткіш Ертіс жағалауында тұратын Берікханның үйінің жанына қойылыпты. Автордың айтуынша, ол ескерткішті салтанатты түрде ашып, оған қалың көпшілікті де шақыруға ниеттеніпті. Бірақ жергілікті әкімдік, трактористің бұл ісіне қарсылық білдіріп жатқан көрінеді.
-Ескерткішті алып тастайтын болуы керек. Үйткені әкімдік қарсы. Маған бірнеше рет адамдар келді. Алдымен рұқсат алу керек екен, жер мәселесін жөндеу керек екен. Ал біз ескерткішті жасап, тіпті орынына тұрғызып та қойдық. Оған қанша ақша мен маңдай терімізді төктік. Енді сен өзің біліп істеп жатырсың, ескерткішіңді әкет, деп жатыр, мені осы жағы қинап тұр,-дейді Берікхан Жұмәділов.
Дарын Нұрсапаров
Сурет: tengrinews.kz