Катонқарағай ауылындағы ескі ғимараттың шатырынан көне шай табылды. Белгілі журналист Жәнібек Қызыровтың айтуынша аталмыш шайдың кемінде жүз жылдық тарихы бар болуы мүмкін.
Кезінде орыс көпестерінен қалған қарағай үй өткен ғасырдың басында НКВД ұйымының ғимараты болған. Биыл Шыңғыстайдағы Әбдікерім мектебіне 100 жыл толатындықтан, соның бос жатқан орнына осы ғимаратты қою жөнінде шешім шығыпты. Жергілікті азаматтар екі ғимараттың жас шамасы тұспалдас болғандықтан, жеке меншікте тұрған үйді сатып алған. Барлық шығынды облыстық мәслихат депутаты Лұқбек Тұмашинов көтеріп алмақ. Осы істің басы-қасында жүрген аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралинов құрылысшы жігіттерге ғимараттан тарихи заттар шығып қалуы мүмкін екенін ескертіп, мұқият болуларын сұрағанын айтады. Айтқандай-ақ шатырдан ұзындығы 24, ені 18,5, қалыңдығы 1,4 сантиметр шай кесектері мен сапасы бүгінгілерге ұқсамайтын бірнеше орам бұл табылыпты. Шай бетінде «В.Высоцкий», «Чистый Цейлонский» деген жазулар, компанияның кеме түріндегі сауда белгісі және арабша таңба бедерленген. Сол бедерлерден-ақ шайдың ХІХ ғасырда «Ресейдің шай патшасы» атанған жөйіт Вульф Высоцкийдің компаниясынан шыққанын аңғару қиын емес.
НКВД ғимаратының бір бөлігінде терезе орнында қылтиған саңылау ғана бар қапас бөлме болыпты. Оның іші сыланбаған да. Үйдің төбесі ашылып, жарық түскен кезде құрылысшылар әлгі қапастың қабырғасынан түрлі жазуларды көрген. Соның бірі - «Шабдан 1928» деген жазу. «19» бен «28» сандарының арасында римше цифр түсіпті. Қарағайдың жарығынан оның нақты қай сан екенін аңдау қиын. Жергілікті зиялылар бұл Әбдікерім болыстың ұлы Шабданның қолтаңбасы деген болжам айтып отыр.
- Әбдікерімнің Қытайға 1928 жылы асқанын ескерсек, соған дейін Шабданның уақытша қамақта отыруы әбден мүмкін. Қарағай бөренелерге бұдан бөлек төте жазулар да таңбаланыпты. Ол жазулардың бояуы сиясауыттың сиясына ұқсайды, - дейді Д.Бралинов.
Бір кездері талай қазақтың нақақ сотталып, солақай саясаттың құрбаны болуына қызмет еткен ғимарат енді Алтайдың алашшыл перзенті Әбідкерім Ережепұлы салған мектептің тарихын тірілтуге қызмет етпек. Өмір деген қызық шынымен. Бір кездері ұлының кекке толы күрсінісі сіңген ағаштар енді әкесі салған мектептің орнын түгендейді.
Биыл Алаш үкіметіне де 100 жыл толады. Кезінде Сәрсен Аманжолов, Құмаш Нұрғалиев, Оралхан Бөкей, Баламер Сахариев, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров сынды бірегейлер білім алған мектептің қайта бой көтеруі осы мерейтойға деген ерекше тарту болмақ.