KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Алматылықтар апаттың алдын алуға көмектесуде

12.04.2016, 18:00 133



Облысымыздағы құтқару қызметінің бөлімшелері алдағы уақытта болуы ықтимал су тасқынына дайындық жұмыстарын қызу жүргізуде. Өңірдегі үлкенді-кішілі өзендердің арналары мұздан тазартылып, бүгінде ондағы су деңгейі қауіпті мөлшерге дейін жетпегенімен, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары табиғи апаттың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларын бір сәтке де тоқтатқан емес.

Мамандардың айтуынша, облысымыздың таулы аймақтарындағы қар әлі толықтай еріп бітпеген. Сол себепті, биылғы көктем ешқандай төтенше жағдайсыз өтті деп айтуға әлі ертерек. Қазір өңірдегі құтқару қызметінің мамандары су тасқынының екінші толқынына сақадай-сай дайын отыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, бүгінде әсіресе, Бесқарағай, Зырян және Көкпекті аудандарының су тасқынына ұшырау қаупі жоғары болып тұр. Осыған байланысты аталмыш өңірлердегі өзен суларының деңгейі күнделікті бақылауда ұсталуда. Мұндай жұмыстар тек жерден ғана емес, әуеден де жүргізіліп келетінін айта кеткен жөн. Тіптен, су деңгейі ғарыштан да үзіліссіз қадағалануда. Бұған қоса, жақында әуе қызметі бөлімшесі арнайы рейд ұйымдастырып, Бұқтырма өзені мен оның салаларындағы жағдайды тексеріп қайтты. Құтқарушылар су тасқынының екінші толқыны кезінде негізінен осы өзеннен төнетін қауіп жоғары екенін жасырмайды.

«Рейд барысында Бұқтырма өзені мен оның салаларының арналары мұздан ада екені анықталды, ешбір учаскеде кептеліс тіркелмеген. Ал таулардың күнгей бөктерінде қар мүлдем жоқ деуге болады» делінген хабарламада.

Зырян ауданында су тасқынының қаупі әлі де сейілмей тұрғандықтан, мұндағы елді мекендерде бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері тәулік бойы күзетшілік етуде. Бұған қоса, ауданға Алматы облыстық ТЖД-нің жедел құтқару тобы да шақырылған. Барлығы Зырян ауданының аумағына 50-ге жуық өрт сөндіруші мен құтқарушы маман жұмылдырылып, тұрғындарға қажетті көмек көрсетуге дайын отыр.

«Жеке құрам қызметкерлері негізінен былтырғы селден зардап шеккен елді мекендерде орналастырылған. Оның ішінде әсіресе, Быково, Зубовка, Малеевка және Снегирево ауылдарын құтқарушылармен қамтуға ерекше мән бердік. Барлық тұрғынды болжамды су тақсыны туралы құлақтандырып, апат орын алған жағдайда не істеу керектігін түсіндіруге тырыстық» дейді мамандар.
Мәселен, Зубовка ауылында алматылық жедел құтқару тобының қызметкерлері су каналын мұз бен қоқыстан тазартып, қарғын су басу қаупін біршама азайтқан. Елді мекенде «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері де жұмыс істеуде.

Сол сияқты Бесқарағай ауданында да Ертіс өзені бойында орналасқан елді мекендерді су басу қаупі әзірге жоқ деуге болады. Ең маңызды деген учаскелер күні-түні бақылауда ұсталуда. Гидробекеттер мамандары күніне бірнеше мәрте су деңгейін өлшеп отырады. Бақылау көрсеткендей, Семей қаласынан Кривинка ауылына дейінгі Ертіс өзенінің арнасы біршама таза екен. Бүгінде ауданда облыстық ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жеке құрамының 30-ға жуық маманы шоғырланған. Оларға жергілікті атқарушы билік органдарының 42 қызметкері көмектесуде.

Көкпекті ауданында да әзірлік жұмыстары біршама қарқын алған. Мәселен, қазіргі кезде құтқарушылар Самар-Қараөткел тасжолының бойындағы су бөгетін нығайтуда. Соңғы ақпаратқа сенсек, бөгет басына 300 қап құм жеткізіліпті. Ал Көкпекті ауылында орналасқан тағы бір құтқарушылар тобы суды Омбы-Майқапшағай тасжолының «Барыс» деп аталатын учаскесіне қотаруда.

«Жалпы алғанда, аудандағы су тасқынына қатысты жағдай тұрақты деуге болады. Бүгінде елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Аудандағы су тасқынының алдын алу жұмыстарына шығысқазақстандық құтқарушылармен бірге, алматылық мамандар да тартылғанын айта кеткен жөн» дейді облыстық ТЖД департаментінің баспасөз қызметі.

Синоптиктердің хабарлауынша, бұлтты, жауын-шашынды ауа райы облыс аумағында әлі бірнеше күн бойы сақталмақ. Осыған байланысты облыста төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы құрылып, жұмыс істеуде.

Нұржан Кенжеұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив