ШҚО Жарма ауданындағы Бақыршық кенішін игеруге «БелАЗ 75139» жүк төккіштері әкеліне бастады. Аталмыш алып техникалардың алғашқы легін іске қосу шарасы салтанатты түрде аталып өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
136 тоннаға дейін жүк тасымалдайтын ауыр жүк көлігін Беларусь елінен тиеп немесе айдап әкелу мүмкін болмағандықтан, оны кеніш басында құрастыру қажет болған екен. Техникаларды іске қосуға арналған аумақта көлемі көзге қораш көрінетін бөлшектер рет-ретімен орналасыпты. Бұл алып техникалар дизельді отын тұтынғанымен, 522 кВт қуатқа ие қозғалтқыштары электр энергиясы арқылы жұмыс істейді. Генератор дизельдің жану қуатын электр энергиясына айналдырып, жүк көлігінің оң және сол жақ қозғалтқыштарына береді. Жылдамдықты реттейтін беріліс қорабы автоматтандырылған. Ал техниканы басқару жүйесі гидравликаға негізделген. Барлық басқару тетіктері пневмогидравликалық аккумулятор арқылы жұмыс істейді. Көліктердің жанармай багына 990 литрге дейін дизельді отын сыяды. Қалыпты жұмыс жағдайында «БелАЗ-дың» бұл түрі 12 сағатта 600 литрдей отын жағады. Жүксіз салмағының өзі 108 тоннадан асатындықтан, ықшам қозғалыстарға епті деп айту қиын. Айналу радиусінің өзі 13 метрге жетеді. Ең жылдам жүрді дегеннің өзінде сағатына 64 шақырымды бағындырады. «БелАЗ» жүк көлігінің ең алып нұсқасы 450 тоннаға дейін жүк тасымалдайды. Мұндай техниканың әлемде екі-ақ данасы бар көрінеді.
Құрастыру жұмыстарын ұйымдастырып, технологиялық нұсқаулар беру үшін Ресей мен Беларусь елінен арнайы мамандар шақырылыпты. Олар мұнда құрастыру жұмыстарын бақылау, қадағалау қызметтерін ғана атқарады. Қалған жұмыстың бәрі Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының өз қызметкерлерінің мойнында. Құрастырушылардың айтуынша, 12 адамдық жасақ бір «БелАЗ-ды» құрап шығу үшін үш аптадай уақыт жұмсаған екен. Әзірге әкелінген бес жүк көлігінің екеуі іске қосылған. Қалғандары ағымдағы жылдың мамыр айына дейін қолданысқа берілуі тиіс. Өйткені, мамыр-маусым айларында кәсіпорын Бақыршық кенішін ашық әдіспен өндіруге дайындықты бастайды. Ал жылдың үшінші тоқсанында кенішті аршу жұмыстары атқарылса, негізгі өндірісті төртінші тоқсанда бастауға мүмкіндік бар.
Жалпы, компания мұндағы ашық әдіспен алтын өндіру жұмыстарына биылдың өзінде алты жапондық «Komatsu HD785-7» жүк төккіш көлігі мен бульдозерлерін, сегіз «БелАЗ 75139» техникасын, бес бірдей «ЭКГ-15М» электрлі экскаваторын жұмылдыруды жоспарлап отыр.
Шараға ШҚО Жарма ауданы әкімі Нұрлан Сыдықов пен «Бақыршық тау-кен өндіруші кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Юрий Овчинников қатысып, кәсіпорын ұжымын жобаның алға басуымен құттықтады. Нұрлан Сыдықов аталмыш кеніште 280 тонна алтын кенінің қоры барын айта келе, кәсіпорын жұмысын бастағалы Әуезов кенті мен Шалабай ауылының тіршілігіне қан жүгіргенін, жергілікті халық жұмысқа орналасып жатқанын атады.
- Ресейлік компания өз кезегінде әлеуметтік жауапкершілікті жете сезініп, кенттегі балабақша құрылысына 185 млн. теңге бөліп, дәрігерлік амбулатория салып берді. Медицина мекемесіне жедел жәрдем көлігін де аталмыш кәсіпорын сыйлады. Компания жыл сайын Әуезов кенті мен Шалабай ауылының жеті түлегін тау-кен мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында оқытқызып отыр. Оқу қаражатын төлеп қана қоймай, шәкіртақымен ынталандыруда. Олар оқуларын бітіргеннен кейін, осы Бақыршық кен байыту комбинатына келіп жұмыс істейтін болады, - дейді Жарма ауданы әкімі Нұрлан Сыдықов.
Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz