KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Бес елдің жеңіл атлеттері Ольга Рыпакованың жүлдесіне таласты

25.01.2016, 18:00 159



Даңқты жеңіл атлет, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған жеңіл атлетикадан II халықаралық турнирдің жалауы желбіреді Өскеменде. Дәстүрлі жарыста Әзірбайжан, Беларусь, Өзбекстан, Украина және Қазақстанның сайдың тасындай іріктелген үздік спортшылары бақтарын сынап жатыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Еліміздің, оның ішінде өңіріміздің абырой-беделін асырған турнирдің ашылу рәсіміне әйгілі жерлесіміз Ольга Рыпаковамен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк сынды бірқатар мәртебелі меймандар қатысып, сайыскерлердің өнерін тамашалады.

- Сіздерді облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан бүгінгі жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы, еліміздің сүйіктісі Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық жарыстың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Турнирге тек біздің елдің спортшылары ғана емес, сонымен бірге алыс-жақын шет мемлекеттердің өкілдері де қатысуы үлкен мәртебе. Бұл бәсекеде шын жүйріктер топ жарсын. Біз, жанкүйерлер, қатысушыларды бөле-жармай нағыз үздіктерге қолдау білдіріп отырамыз, - деп құттықтау лебізін білдірген Нұрымбет Сақтағанов барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айтпақшы, спорттық мерекені ұйымдастырушылар О. Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежін лық толтырған жанкүйерлерді де ұмытпапты. Келген қонақтарға таратылып берілген билеттер бойынша ұтыс ойнатылып, спорт тақырыбында викториналық сұрақтар қойылды. Жеңімпаздарға орталық суда жүзу бассейні мен жаттығу залының, басқа да спорттың нысандардың қызметі ұсынылған бір айлық абонемент сыйға тартылды.

- Ең әуелі осындай турнирді өткізуге қолдау білдіріп, қол ұшын берген ұйымдастырушыларға, біздің шақыртуымызды қабыл алып, алыстан ат арытып келген қатысушыларға, сондай-ақ, залға жиналған жанкүйерлерге ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл жарыс мінеки, екінші рет өтіп отыр. Тек биыл ғана оған басқа мемлекеттерден өкілдер қатысуда. Өйткені, былтыр белгілі себептерге байланысты шетелдік спортшылар қатыса алмаған. Алдағы уақытта осы турнир қыс маусымында жеңіл атлеттердің басын құрайтын дәстүрлі және мәртебелі спорттық шараға айналады деген сенімім мол. Жүзден жүйріктер жеңіске жетсін, барлық үміткерлерге жаңа рекордтар мен жоғары көрсеткіштер тілеймін! - деп ағынан жарылды Ольга Рыпакова.

Халықаралық турнирде жеңіл атлеттер 60 м, 400 м, 800 м және 3000 м жүгіруден, кедергілер арқылы 60 м жүгіруден, керікпен секіруден, биіктікке секіруден, ядро лақтырудан, ұзындыққа секіруден, үш қарғып секіруден сынға түсті.

Жарыстың ақшалай жүлде қоры қомақты болды. Мәселен, Ольга Рыпаковаға олимпиада алтынын сыйлаған үш қарғып секіруден төртінші орынға 20 мың, үшінші орынға 50 мың, екінші орынға 75 мың теңге жүлде тағайындалса, алтын медаль иегерлеріне 100 мың теңгеден берілді. Сонымен қатар, спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетиканың өзге түрлерінен оза шауып, көзге түскендердің ешқайсысы марапатсыз, ақшалай сыйлықсыз қалмайды.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив