KZ
Өскемен
+17°
пасмурно жел 1 м/с, С
476.27 515.47 5.41

Шығыс Қазақстанға ағаш өңдеу өнеркәсібі туралы толық кешенді бағдарлама қажет

27.05.2015, 18:00 200


Орманды отауға жол берілмейді. Шығыс Қазақстанға ағаш өңдеу өнеркәсібі туралы толық кешенді бағдарлама қажет. Аймақтағы орман шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын талқылаған жиында облыс әкімі Даниал Ахметов осылай деді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өңіріміздегі жасыл желекті қорғап, сақтай отырып ағаш өңдеу өнеркәсібін бүгінгі заман талабына сай дамыту жөнінде өткен айда аймақ басшысы жауапты орындарға арнайы тапсырма жүктеген болатын. Соған орай сала мамандарынан жұмыс тобы құрылып, тиісті шаруалар қолға алынған еді. Кеше жұмыс тобының өкілдері орындалған тапсырмалардың бір парасын баян етті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Медет Нұрғалиев алға тартқан ақпараттарға жүгінсек, өңірде жыл сайын 855 мың текше метр көлемінде ағаш өңделеді екен. Кәсіпкерлерге 433 мың текше метр ағаш берілсе, соның былтыр 23 мың текше метрі немесе мүмкін болған дайындау көлемінің тек 5 пайызы ғана пайдаға жаратылыпты.

Жүргізілген зерттеулерге қарағанда, қазіргі уақытта негізгі ағаш қоры облыстың жеті коммуналдық орман шаруашылығына тиесілі. Олар Шемонайха, Зырян, Глубокое аудандарында және Риддер қаласында орналасқан. Аталған аудандарда жыл сайын ағаш дайындау көрсеткіші 178 мың текше метрді құрауда. Осындай бірсыпыра деректерге тоқталған басқарма басшысының орынбасары Медет Нұрғалиевтің баяндамасына, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селиханов пен басқа да жұмыс тобының мүшелері айтқан ұсыныстарға облыс әкімінің көңілі толмады. Себебі, жұмыс тобы мүшелерінің бірі ағаш өнімдерін экспортқа шығаруға салынған тыйымды алып тастауды, еліміздің орман кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге ұсыныс жолдауды және басқа мәселелерді алға тартқан-ды. Алайда аймақ басшысы мұндай маңызы жоғары проблеманы терең зерттеп, зерделеп алмай атүсті қарауға болмайтынын ұқтырды.

– Орманды отауға ешқандай жол берілмейді. Ағаш экспортына салынған тыйымды алып тастап, тоқсаныншы жылдардағы жағдайға қайта оралатын кез емес қазір. Еліміздің байлығын сыртқа сату мәселені шешудің төте жолы емес. Мұның бәрін экономикаға ештеңе әкелмейтін атүстілік, мәселеге жеңіл қараушылық деп түсінемін. Жекелеген тұлғалардың сойылын соғып, мүдделерін қорғаудың қажеті жоқ. Ұлттың байлығын, елдің болашағын бәрінен биік қоюымыз керек! – деп шегелеп тұрып түсіндірген аймақ басшысы Даниал Ахметов ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін не істеу қажеттігін тізіп тұрып айтып берді.

Енді соған тоқталсақ. Біріншіден, жұмыс тобы ағаш өңдеу саласындағы отандық нарықты зерттеп алуы тиіс. Яғни, ағаш өңдеу өнеркәсібі қандай өнімдер шығарады және оларды қайда өткізеді? Ағаш өңдеудің қай саласында бәсекелестік басымдыққа иеміз, қай саласында әлі кенжелеп жатқан тұстарымыз бар? Осы мәселер бойынша талдау жүргізіліп, экспорт пен импорттың үлесін, сондай-ақ, өзіміздің өндірісті жан-жақты зерделеу керек. Сол арқылы ағаш өнеркәсібі жұмыс істейтін база анықталады, ішкі-сыртқы нарықтың сұранысы, тауарлармен қамтылуы белгілі болады. Бұл әрине, өнеркәсіптік бағыт.

Облыс әкімінің айтуынша, жұмыс тобының келесі бағыты – өндіріс технологиясы болмақ. Ағаш өңдеу бойынша әлемде қолданысқа ие озық үлгідегі заманауи технологияларды негізге алу. Яғни, ағаштың әрбір түріне қолайлы өңдеу технологияларын таңдап алу. Бұл арада жоғары сапалы ағаш өнімдерін, оның ішінде әлемге әйгілі шетелдік фирмалардың жиһаздарын жасаған кезде пайдаланылатын шикізатты өңдеуге мүмкіндік беретін технологияларға басымдық берілуі тиіс. Өнеркәсіптік бағыт пен өңдеу технологияларын анықтап алғаннан кейін барып облыстың ағаш өнеркәсібі кешенінің мүмкіндігі нақтыланады.

– Өңіріміздегі ағаш өңдеу өнеркәсібі туралы толық кешенді бағдарлама қабылданғанға дейін бір де бір орман телімі қолданысқа берілмейтін болсын. Орманды жабайы жолмен құртуды тоқтау қажет! Бәрін мұқият зерттеген соң ғана нақты бағыттармен жұмыс жүргізілетін болсын, – деп түйді облыс әкімі.
Бұған қоса аймақ басшысы облыстық кәсіпкерлік палатасы мен «Ертіс» ӘКК бірлескен бағдарлама жасау үшін ағаш өңдеумен айналысатын әлемдік компанияларды тарту жөнінде ұсыныс енгізуін міндеттеді. Оған бір апта уақыт берілді.

Нәтижесінде, өңірдегі орман шаруашылығының жағдайы түгел зерттеліп, ағаш өңдеу өнеркәсібінің бағыты мен өңдеу технологиялары түгелдей зерделенген кезде әлемдік деңгейдегі компания өкілдерімен бірге осылардың бәрін іске қалай асыру туралы ұсыныс әзірленеді.

Ал жұмыс тобы өз кезегінде нақты іс-әрекет жоспарын құруы керек. Ол іс-жоспарда барлық міндеттер жүзеге асыру мерзімімен бірге жеке-жеке көрсетіліп тұрғаны дұрыс. Былайша айтқанша, нарықты зерттеуден бастап әлемдік компаниянының қайсысын шақыртуға дейінгі әрбір ұсыныс бойынша қандай қадамдар жасалатыны бастан-аяқ болуы қажет. Сонда ғана кешенді бағдарлама толық дайын деуге болады. Егер айтылған тапсырмалардың бәрі ойдағыдай жүзеге асырылса, кешенді бағдарламаның сәтті дайындалғаны Ал бағдарлама сапалы жасалатын болса, облыстағы ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесімен Үкіметке шығып, тиісті қолдау-көмек сұрауға болатынын жеткізді аймақ басшысы.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив