KZ
Өскемен
+13°
ясно жел 2 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Бес тоннадан артық ет өнімдері сатылды Бесқарағай ауданының жәрмеңкесінде

24.05.2015, 18:00 204



Өскеменде «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында облысымыздың аудандары мен қалаларының мәдени күндерін өткізу маусымы салтанатты жағдайда ашылып, биылғы шеруді Бесқарағай ауданы бастады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс орталығы тұрғындары мен қонақтарының назарына қарағайлы өңір өнерпаздарының концерті ұсынылып, «Fresh market» гастрономының алдында жылдағы дәстүр бойынша киіз үйлер тігіліп, павильондар азық-түлік тауарлары мен қолөнер бұйымдарына лық толды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, бесқарағайлық кәсіпкерлер ұсынған тауардың түр-түрімен танысып, бағаларын көріп қайтты.

Бес тоннадан артық ет өнімдері сатылды Бесқарағай ауданының жәрмеңкесінде

Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Сәрсеновтің айтуынша, облыс орталығындағы жәрмеңкеге бес тоннаға таяу ет, екі тонна картоп, бір тоннадан астам сүт өнімдері әкелініпті. Өскемендіктерге балық, бал, көкөніс, жеміс-жидек, нан өнімдері де көптеп ұсынылды. Жәрмеңкеге Бесқарағай ауданының он ауылдық округінен барлығы 35-ке жуық шаруа қожалығы қатысқанын айта кеткен абзал.

Жалпы, аталмыш жәрмеңкелердің кәдімгі базарлардан ең басты айырмашылығы әрі артықшылығы деп мұнда ұсынылған тауарлар бағаларының айтарлықтай арзандығын айтуға болар. Осы тұрғыдан алып қарасақ, бесқарағайлықтар да Өскемен қаласының тұрғындарына аса сапалы өнімдерін қолжетімді бағамен саудалап, сатып алушыларды бір қарық қылып тастады. Мәселен, қой, жылқы, сиыр еттері 900 теңгеден саудаланса, картоптың бір келісінің бағасы 65-70 теңге шамасында болды. Сондай-ақ, жұмыртқа 160 теңгеден, балдың бір литрі 900 теңгеден сатылса, балық 350, сүт 120 теңгеден өткізіліп жатты. Әрине, әдеттегідей, бәрінен бұрын ет өнімдері сатылған сөрелердің алдында жұрт көп жиналды. Баскөл, Бесқарағай, Қарабас, Долон, Беген, Ерназар, Жетіжар, Канонерка, Глуховка ауылдарынан келген ет сатушылар саудасының бұл күні ерекше жақсы жүргені хақ.

Жәрмеңке сөрелерін аралап шыққан аймақ басшысы Даниал Ахметов Бесқарағай ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовқа бірқатар мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Бес тоннадан артық ет өнімдері сатылды Бесқарағай ауданының жәрмеңкесінде

– Жәрмеңке ойдағыдай ұйымдастырылыпты, әкелінген тауардың мөлшері жетіп артылады, халық та дән риза болып тарқасуда. Дегенмен, алдағы уақытта ескерер бірнеше жайтты байқадым. Ең алдымен, сатылымға шығарылатын ірі қара етінің ішінде негізгі үлесті қазақтың ақбас сиырының өнімі құрауы керек. Қазы-қартаны саудалауға да ерекше мән берген жөн, сондықтан бұл өнімді тұтынушыға ұсынудың жаңа тәсілдерін қарастырыңыздар, – деген аймақ басшысы Бесқарағайдан әкелінген картоптың сапасы атап өтуге тұрарлық екенін ерекше назарға алды.

Жәрмеңке аясында сауда жасауға келген қала тұрғындарының құрметіне киіз үйлер тігіліп, дастарқан жайылғанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ, Бесқарағай ауданының Өскемендегі мәдени күні шеңберінде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ әкімшілік ғимаратының акт залында бесқарағайлық өнерпаздардың концерті өтті. Көпшіліктің көңілінен шыққан мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, аймақ басшысы атынан құттықтау сөз сөйледі.

Нұржан Кенжеұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив