Кеше Ұлыстың ұлы күнін тойлау аясында Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде «Өніс» күні жоғары деңгейде аталып өтті. Өскеменде бұл күн Халық қаһарманы, аңыз адам Қасым Қайсеновтың құрметіне аталған көшенің мерекесімен есте қалды.
Естеріңізге сала кетсек, қашан да жаңашылдыққа ұмтылып, тыңнан түрен салып жүретін ШҚО басшылығы биылғы Наурыз мейрамын жылдағы дәстүрден ауытқып, өзгеше сипатта өткізуді жоспарлаған. Соған сәйкес наурыздың 16-сынан 22-сіне дейінгі жеті күннің әрқайсысына жеке-жеке атау беріп, ауқымды іс-шаралар жоспары бекітілген. Солардың алғашқысы – «Өніс» күні кеше тойланды. Жаңа сипатта ұйымдастырылған бұл мейрам халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан Наурызнама дәстүрін заманауи түрде қайта жаңғыртуды көздейді.
Жалпы, қаһарлы қыстан кейін қасат қардың көбесін сетінетіп, жер жаһанға шуағын жамыратып көктем-арудың қонақтайтыны табиғи заңдылық. Сол көктеммен бірге тіршіліктің тамырына қан жүгіріп, жан-жануарлар төлдеп, өсімдіктердің тірілетіні де, жер емген диқандардың жылға азық болар өнімді топыраққа сіңіретіні де, бәрі, бәрі осы мезгілде атқарылатын аласапыран шаруалар. Ұлыстың ұлы мейрамының шымылдығы өсіп-өнудің, өркендеу мен гүлдеудің, көгерудің бастауы болған «Өніс» күнімен ашылуы сондықтан.
«Өніс» күні аясында Өскеменде өткізілген «Бұл көше Қасым Қайсеновтың құрметіне аталған!» атты мереке қала тұрғындары мен қонақтарына шат-шадыман көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шараға ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевбастаған бірқатар лауазым иелері қатысты. Сонымен қатар, ардагер қариялар, ақ жаулықты аналар, студент жастар мен мектеп оқушыларының қарасы көп болды. Қасым атамыздың көшесіндегі той-думанның бісмілләсі партизан жазушының кеуде мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
– Бүгін міне, облыс орталығында Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы көшенің мерекесімен басталған айлық бір ай бойына жалғасып, сәуірдің 23-і – атамыздың туған күнінде Ұлан ауданының орталығы Қайсенов кентінде қорытындыланады. Айлық кезінде түрлі шаралар өткізіліп, жастарға еліміздің тарихы, батыр бабаларымыздың ерлік істері насихатталады. Қазіргі мынау көше мерекесін атап өтудегі мақсат та сол жұртшылықты, оның ішінде жастарды татулыққа, достық пен ынтымаққа, жағымсыз істерден аулақ жүруге шақыру, – деген Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен, көше мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ, ізгі тілектерін жолдап, лебіздерін білдірген адамдар қатарында осы көшенің тұрғыны, қалалық жергілікті өзін-өзі басқару комитеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Игорь Любимов, Қасым атамыздың туысы Бағлан Райымханов, облыстық ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Жаңабай Әшімов және басқалар болды.
Жастар саябағының кіреберіс аузында Ұлан аудандық халық театрының әртістері Қасым атамыздың балалық шағынан көрініс қойса, Жамбыл атындағы облыстық драма театрдың қазақ труппасы жігіт Қасымның майдан даласынан аттанған сәтінен үзінді ұсынды. Өскемендік шығармашылық ұжымдардың тамаша концерттік бағдарламалары көктемнің шуақты күнінде күйбен тірліктен қолдары қалт еткен шаһар тұрғындарының көңілін серпілтті. Дәл осы күні аспан да шайдай айшылып, жарықтық Күн көктен нұрын құйып тұрды. Буы бұрқыраған ыстық палау мен қою күрең шайдан барша жұрт бірдей тегін дәм татты. Бағасы арзан өнімдер сатылымға шығарылған шағын жәрмеңке, қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар көрмесі де мазмұнды мерекенің мәнімен қатар сәнін де кіргізе түскендей. Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған Қасым Қайсенов туралы кітап көрмесі, осы тақырыпты қаузаған викториналар, түрлі байқаулар әсіресе, жастардың қызығушылығын туғызды.
– Байқап тұрсақ жастар кітап оқымайды деп жатамыз. Бірақ олай емес. Біз ұйымдастырған викториналарға, байқауларға белсенді қатысқан жастарымыз еліміздің тарихымен жақсы таныс екендіктерін, Қасым Қайсенов атамыздың өмірін, ерліктерін, майдандағы партизандық жолдарын жетік білетіндіктерін байқатты. Сол сияқты аты аңызға айналған атамыздың кітаптарын және ол кісі жөнінде жазылған шығармаларға қызығушылық білдіріп, сұрауы қуантты, – дейді орталық қалалық кітапхана қызметкері Ләзипа Шаймарданова.
Жалпы, тарихтан там-тұмдап ақпар бере кетсек, Қасым Қайсенов – жер бетінде бұрын-соңды болмаған қиян-кескі шайқастағы жаужүрек батыр, ел есінде мәңгілік сақталатын тұлға.
Оның Украина жерін жаудан азат етудегі жанқиярлық ерлік істерін жалпақ әлем мойындап отыр бүгін. Партизан жазушы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі орденімен, Богдан Хмельницкий орденімен және көптеген медальдармен наградталды, көзі тірісінде-ақ Халық қаһарманы атағын иеленді...