Үржар ауданындағы Қарақол ауылында осы жерден шыққан азаматтар монша салып беруді қолға алып отыр. Бұл бастаманы 1969 жылы туған жігіттер көтерді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
– Өткен жылы туған жерімізде бір басқосу болып, жігіттермен балалық шақты еске алыстық, – дейді бүгінде туған жеріне қоныс аударған запастағы подполковник Еркін Еңкебаев. – Ауылдың барына сүйініп, әлі де орны толмай жатқан кем-кетігіне қынжылыс білдірдік. Сол жерде сыныптасымыз, Қазақ ұлттық университетінің доценті Ғазиз Тайғамитовпен, ауылда тұратын Елтай Қасымжановпен ақылдаса келе, жерлестерімізге монша салып беруді қолайлы көрдік. Ол үшін ескі мектептің жылу қазандығы болған ғимаратты жөндеп, ішінен монша, шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталығын ашуға кірістік. Ауыл әкімі Айбек Лебаев ұсынысымызды қуана қабылдап, қолдау білдірді. Сөйтіп, 1969 жылы туылған жігіттер Болат Ағманов, Нұрлан Арыстанбаев, Марат Әйелбеков, Болат Айтқалиұлы, Ерлан Базаров, Талғат Доспаев, Айдар Еженұлы, Талғат Жұмағұлов, Мейрамбек Зейнелғабитов, Жасұлан Терлікбаев, Берік Қасенов, Тілеуберді Құсайынов, Советхан Мұқатаев, Қадылбек Қалекперов, Ғазиз бен Елтай, тағы басқалары қаражат жинап, құрылысты жүргізіп келеміз. Алла қаласа, биыл желтоқсанда аяқталады.
«Туған жерге – тағзым» акциясы аясында атқарылып жатқан бұл шара жұрт тарапынан да қолдау тапқан.
Берікхан Тайжігіт