Италия топырағында тұңғыш рет ардагерлер арасында Олимпиада ойындары өтті. Еуропа төрінде жалауы желбіреген бұл дүбірлі жарысқа еліміздің атынан қатысқан Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің екі қызметкері елімізге бір алтын, бір қола медальмен оралды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Олимпиада ойындарында жиыны 28 мыңның үстінде саңлақ бақ сынап, спорттың 24 түрінен жүлделерді сарапқа салды. Солардың ішінде шығысқазақстандық кеденшілердің мерейін үстем еткен дзюдо болды. Дәл осы спорт түрінен біздің балуандар ешкімге есе жібермей, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Тіпті, азуы алты қарыс Бразилия мен Ресей дзюдошыларын да, жарыс қожайындары саналған итальяндықтарды да артта қалдырды.
Айта кету керек, бұл әлемдік деңгейдегі сайысқа дзюдодан еліміздің құрама командасы сапында Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері: Руслан Сейілханов, Ержан Омарбаев және Болатбек Жаманбаев сынды тісқаққан, шеберлігі толысқан ардагер спортшылар болды. Команда капитаны Руслан Сейілхановтың аса тартысты жағдайда өткен ақтық белдесуде неміс балуанынан айласын асыруы алтын медальды қоржынымызға салып қана қоймай жалпы есепте суырылып алға шығуға мүмкіндік туғызды. Ал жаттығу кезінде алған жарақаты кедергі келтіруіне байланысты бел шешіп жөнді күресе алмаған Ержан Омарбаев жартылай ақтық сында қарсыласынан ұтылып қалды. Есесіне қола медаль үшін өткен белдесуде ол «иппон» әдісін қолданып, таза жеңіске жетті.