Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрында Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының және Беларусь Республикасы Витебск қаласының Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың 90 жасқа толу мерейтойына орай «Баянды ғұмыр иесі» атты салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алаштың арда ақсақалына арналған құттықтау хатын облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жеткізді.
«Сізді 90-ға келген торқалы мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл белесті бағын-дыру үлкен бақыт. Сіз – есімі елге әйгілі Еңбек Ері, Алтайдың қазыналы ардагерісіз. Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, ажалға қарсы тұрдыңыз. Бейбіт заманда аянбай еңбек етіп, шаруашылықтың жағдайын түзеуге атсалыстыңыз. Қай қызметте болсаңыз да өзіңіздің іскерлігіңізді, жауапкершілігіңізді, сауаттылығыңызды көрсете білдіңіз. Еткен еңбегіңізге лайықты Кеңес Одағы кезіндегі еңбек адамына берілетін ең жоғарғы бағаны алып, «Социалистік Еңбек Ері» атандыңыз.
Құрметті еңбек демалысына шыққаныңызға қарамастан белсенді азаматтық ұстанымыңыздан таймай, қоғамдық жұмысқа белсене араласып келесіз. Бос уақытыңызды қалт жібермей, төл тарихымыздың тарамдала түсуіне өз үлесіңізді қосып, бірнеше еңбек жаздыңыз. Осындай қарқыныңыздан қалмаңыз. Деніңізге саулық, ырыс-ынтымақ тілеймін. Бала-шағаларыңыздың арасында баянды ғұмыр кеше беріңіз» делінген Мемлекет басшысының құттықтау лебізінде.
Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Бошай ақсақалдың қан майданда от кешіп, жарымжан болып оралса да, бейбіт өмірде қызу еңбектің қазанында қайнағанын айрықша атап өтті.
– «Тон жағасыз болмайды, ел ағасыз болмайды» деген қазақтың тамаша сөзі бар. Осындай ағаларымыздың бірі – Бошай Кітапбайұлы. Бошай ағамызды Дінмұхаммед Ахметұлының өзі сыйлап, үлкен қолдау көрсетті. Бошай Кітапбайұлының Кеңес Одағы коммунистік партиясының кезекті бір съезінде Никита Хрущевтің алдында Қазақстанның атынан сөйлегені бүгінде тарихқа айналды. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тоқсанға келсе де еш шаршамайтыны, қажымайтыны, әдебиетке, шығармашылыққа үлкен көңіл бөлетіні қай-қайсымызға болсын үлкен үлгі-өнеге. Ақсақалдың енді бір ғана арманы бар. Бұл – «ел аман, жұрт жақсы өмір сүрсе» деген қариялық тілегі. 90 жасқа сіздей қайратпен, жігермен, тұнық зердемен жету әркімнің қолынан келе бермейді. Деніңіз сау болсын! – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі Бердібек Сапапрбаев ақсақалдың иығына шапан жауып, «Шығыс Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ, жерлестері-нің атынан жеңіл автокөліктің кілтін тапсырды.
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтауын Астанадан келген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров жеткізді.
Кешті жүргізген жазушы-публицист Әлібек Қаңтарбаев ардагер ақсақалдың атына келген құттықтаулар легінің толастамай жат-қанын, соның ішінде Алматы қала-сынан жолдаған жазушы Герольд Бельгердің лебізін, Қостанай облысынан «Амангелді арайы» газетінің редакторы Хамитбек Мұсабаевтың арнау-өлеңін оқып берді.
Салтанатты шара барысында да облыстың түкпір-түкпірінен арнайы келген меймандар Алаштың арда ақсақалына айналған қарияға ыстық ықыластарын білдірді.
– Тоқсанға келіп, қартайғандық па, бұл жаста адам мақтауды теріс көрмейді екен. Маған көрсетіп жатқан қошеметтеріңізге ризамын. Баршаңызға менің жасымды тілей-мін. Құдай соған жеткізсін! Облыстың басшысы Бердібек Сапарбаевқа айрықша алғыс айтқым келеді, – деді Бошай ақсақал.
Ардагердің торқалы тойына өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты.
Думан Анаш