Шығыс Қазақстан облысының емдеу мекемелерінде 420 медицина маманы жетіспейді. Бұл жайында облыс басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте ШҚ облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников мәлімдеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Алматы, Қарағанды, Семей медициналық университеттерінің түлектерін облысқа шақыру, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу сынды іс-шаралар мен меморандумдар қабылданған.
Соған қарамастан осындай кадр жетіспеушілігін облыс басшысы жүйелі жоспарлау жұмысының жүргізілмейтінімен түсіндірді.
Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға, құрылыс және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына бір аптаның ішінде облыс көлемінде салынып жатқан медициналық мекемелердің құрылысын саралауға тапсырма берді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев сараптамалық мониторинг бойынша облыс көлемінде медициналық қызмет сапасының төмендеуі, азық-түлік бағасының қымбаттауы және экологияның нашарлауы байқалатынын жеткізді.
Облыс әкімдігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері соңғы айда 6 ауданға іссапармен барып қайтты. Облыс әкімі аталған кеңестің әкімдік жұмысына көмек қолын созуға үлкен мүмкіндігі бар екендігін атап өтіп, құрамында қоғамдық ұйымдар, түрлі саяси институттар мен әр саланың өкілдері енген қоғамдық кеңес қызметін жандандыра түсуге бейілді екендігін айтты.
Бұқаралық ақпаратқұралдарымен де тығыз әріптестік орнатуды тапсырған аймақ басшысы баспасөзде сынға ұшыраған мәселелер бойынша өкілетті мемлекеттік органдар мен мекемелер тарапынан жауап беріліп отыруды жолға қоюды жүктеді.
Думан Анаш