Семей қаласында шамамен 3 млн.теңгенің дүние-мүлкін қолды қылған баукеспе ұры құрықталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап семейліктерден үй тоналғаны жайлы арыздар келіп түсе бастаған.
«Жүргізілген сараптамалар барлық ұрлық бір жолмен жасалғанын көрсетті. Барлық жағдайда тонаушылар үйге күндіз, үй иелері жұмысқа кеткен мезгілде, терезені шағып не болмаса есіктің кілтін таңдау арқылы түсіп отырған. Тек ақша мен бағалы заттарды ғана жымқырып отырған » деді баспасөз қызметінде.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Семейде 29 жастағы күдікті қолға түсті. Қазірдің өзінде оның 29 ұрлыққа қатысы барлығы дәлелденген. Алдын ала есептеулер бойынша оның 30 млн теңгенің заттарын қымқырғаны белгілі, дейді тергеушілер.
Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктінің басқа да ұрлық-қарлық фактілеріне қатыстылығы анықталуда.