KZ
Өскемен
+6°
пасмурно жел 1 м/с, С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің құрылғанына 20 жыл (+сурет)

26.05.2013, 18:00 283


Биыл Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің құрылғанына 20 жыл толмақ. Сонау ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында құрылған лицейдің мерейтойы қарсаңында «Үлбі» орталық мәдениет үйінде «Мәртебең биік болсын, алтын ұям – лицейім» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Лицейдің ұжымы мен шәкірттерін, олардың ата-аналарын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан облыстық білім басқармасының басшысы М.Ахметова құттықтады.

– Лицей алғаш құрылғанда оның болашағына күдікпен қарағанымыз рас. Кейін осы лицейдің қалыптасуы-на, дамуына, өсуіне бәріміз куәгер болдық. Қазақ-түрік лицейлерінің беретін білімі мен біліктілігі, тәрбиесі мен тәлімі ерекше екеніне көзіміз жетті. Баласын осы лицейге беруге ынталы ата-аналардың қатары да жыл сайын өсе бастады. Бұл лицейдің шәкірттері республикалық, халықаралық дең-гейлерде өткен талай додаларда топ жарды, – деді мерекелік кешке қатысушыларды құттықтаған облыстық білім басқармасының басшысы Мәдениет Ахметова.

Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің құрылғанына 20 жыл (+сурет)
Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің құрылғанына 20 жыл (+сурет)

Оның айтуынша, тек биылдың өзінде лицейді 33 түлек бітіріп отырса, соның 13-і ҰБТ-дан босатылған көрінеді. Өйткені 13 баланың барлығы да халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысында жүлделі орын алғандар.

Мерейтойға шашу ретінде ол қазақ-түрік лицейінің директорына бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ, мерекелік кеште қала әкімінің орынбасары В.Головатюк те сөз алып, жетпіс жыл бойы үстемдік құрған Кеңес Одағы құлап, ел тәуел-сіздігін енді алып жатқан тұста жаңа қазақ-түрік лицейінің іргетасын қалау үлкен ерлік болғанын қадап айтып, қазіргі күні бұл лицей Өскемен қаласының ғана емес, облысымыздың білім саласындағы мақтаулы оқу ордалары-ның біріне айналып отырғанын жеткізді.

Ал осы қазақ-түрік лицейінің құрылуына мұрындық болып, басы-қасында жүрген Қазақ-Американ еркін университетінің ректоры Ережеп Мәмбетқазиев өз сөзінде өткен күндерге сәл шегініс жасады.

Сол тоқсаныншы жылдардың басында «Өскеменге қазақ-түрік лицейі керек пе, керек емес пе» деген мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғаны да рас еді. Бірақ өңірдің білім саласының басында тұрған отаншыл азаматтар батыл қадамға барды. Лицей ашылды. Қазіргі күні қазақ-түрік лицейінің түлектері жеткен жетістіктердің өзі бір төбе. Оның айқын мысалы ретінде Астанадағы Назарбаев университетінің 200-ден астам студенттері осы қазақ-түрік лицейлерінің түлектері екенін айтсақ та жеткілікті.

Мерекелік кеште қазақ-түрік лицейінің директоры Әлімжан Игенбаев осы оқу орнының дамуына қосқан зор еңбектері үшін бірқатар азаматтарға «Еңбегіңіз ел есінде» атты мерейтойлық медаль тапсырды.

Иә, бұл күні сахна төрінен төгілген ән де, би де қазақ-түрік лицейінің жиырма жылдығына арналды. Лицей мәртебесінің биік болуы жиналған қауымның ізгі тілегі еді.

Мейрамтай Иманғали

Суреттерді түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив