Бердібек Сапарбаевты еске алу турнирі басталды (видео)
Шығыс Қазақстан облысында Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған футболдан ІІ республикалық ашық турнир басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бердібек Мәшбекұлы ел есінде жауапты, іс пен сөзге бірдей адал, еңбегі ерен азамат ретінде сақталды. Ол Қазақстан Республикасындағы сындарлы саясатты қарапайымдылықпен, оңай жеткізіп, халықтың қалаулысы атанған бірегей тұлға.
Шығыс Қазақстан облысын басқару барысында Бердібек Мәшбекұлы өңірдің дамуына елеулі үлес қосып, өшпес із қалдырды. Оның басшылығымен Өскемен қаласында бой көтерген қала көрнекіліктері әлі күнге дейін әр тұрғынның көз алдында.
Халықтың қалаулысы болған дара тұлғаны еске алуға арналған футбол жарысы – бұл жай ғана спорттық іс-шара емес, шығыстағы бұқаралық спортты, соның ішінде футбол ойынына қосқан елеулі үлесі үшін құрмет пен ризашылық көрінісі.
Шығыс өңірінде Б.Сапарбаевты еске алу турнирі игі дәстүрге айналып отыр. Биыл алаңда Қазақстанның бес облысынан келген командалар кездеспек. Бұл жай ғана аяқдоп додасы емес, сонымен қатар әртүрлі өңірлерден келген спортшыларға тәжірибе алмасуға және олардың шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай турнирлерді ұйымдастыру Шығыс Қазақстан облысында футболды дамыту үшін аса маңызды. Турнирге алты команда қатысуда: төрт құрама - Өскеменнен, бір құрама - Ақтөбеден және бір құрама - Қызылорда қаласынан келді. Жарыс 2008-2009 жылғы жасөспірімдер арасында ұйымдастырылуда. Турнир 4 қазан күні аяқталады. Қала тұрғындары мен қонақтары тартымды тартысты көруге барып, ұнатқан командасына жанкүйер болу мүмкіндігі бар.
Ақерке Рағызбаева