KZ
Өскемен
+18°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Күршімде қымыз құю және өңдеу цехы ашылады

14.05.2013, 18:00 162


Елімізді үдемелі индустриялық-инновациялық тұрғыда дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға Күршім ауданынан 2 жоба кіріп отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Соның бірі – «Бұқтырма уылдырық шашу-балық өсіру шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балық өндіру шаруашылығын дамыту және жаңарту жобасы.

Кәсіпорын директоры Р.Алшынбаевтың мәлімдеуінше, бұл бағдарлама толық жобалық қуатына 2015 жылдың 4-тоқсанында енеді.

Ал өз жұмысын мамыр айында бастағалы отырған «ГРК МЛД» ЖШС-нің «Қаршыға» мыс кені орнында кен байыту кешенін ашу жобасы өте ауқымды істердің бастамасы болғалы тұр. Кешен толық қуатында жұмысқа кіріскен уақытта 440 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жалпы құрылыс жұмыстарына 700 адам тартылады деп күтілуде.
Күршім аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы Ришат Ысқақовтың айтуынша, биыл ашылуға тиіс тағы да төрт жоба бар екен. Олардың біріншісі – Теректі ауылдық округіндегі «Ақбұлақ» шаруа қожалығының басшысы Қуанған Байталовтың сүт өнімдерін өңдеу цехын ашу жобасы. Бұл жоба «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылатын болады.

Екінші жоба – Алғабас ауылындағы «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Асылбек Қалдешовтің «Шағын қымыз өңдеу және құю цехын ашу» жобасы. Үшіншісі – «Заманай» шаруа қожалығының басшысы Қабдуали Аманжоловтың аудан орталығында ет өңдеу цехын ашу» жобасы. Бұл жоба да «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қаржыландырылмақ.

Төртінші және ең ауқымды жоба – «Қалжыр-Гидро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы А.Асқабыловтың Қалжыр өзенінде су электр стансасын салу жөніндегі жобасы. Бұл жобаның жалпы құны 5 624 млн. теңгені құрайтын болады.

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы атқарылмақ шараларға келер болсақ, бұл арқылы несие алу үшін маңызды кепіл қажет, – дейді Р.Ысқақов. – Оған біздің кәсіпкерлердің көбінің жағдайы келмейді. Сол себепті өзімізге қолайлы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы бірнеше несие алушыларды біріктіріп, ауқымды жобаларды жүзеге асырудамыз.

Хасен Зәкәрия

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив