KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, В
489.36 533.45 4.99

Арбат фестивалі әр жексенбі сайын өтетін болды

28.04.2013, 18:00 123


Өскеменде әдеттегідей Киров және Горький көшелерінің қиылысында кезекті төртінші Арбат фестивалі болып өтті. Бұл – биылғы көктемде алғаш рет ұйымдастырылып отырған шара, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арнайы шақыртуымен фестивальді тамашалауға келген Сенат депутаты Талғатбек Абайділдин, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, ақын Ұлықбек Есдәулет, композитор Секен Тұрысбеков және өзге де мәртебелі қонақтар аталмыш іс-шараның мән-маңызын жоғары бағалап, ұйымдастыру деңгейіне тәнті болды.

Осы жолы қолөнершілермен, суретшілермен және нумизматтармен қатар өз өнімдерін көпшілікке қаладағы үш ірі нан зауыты, атап айтсақ, «Ақсай-Нан», «Каравай» және «Межебицкий» наубайханалары ұсынды. Аталмыш кәсіпорындар осы күні жастар ұйымдары ұйымдастырған түрлі байқаулардың сыйлықтарын да өз мойындарына алыпты.

Алдағы уақытта Арбат фестивалін өткізу міндеті негізінен қаладағы жастар ұйымдарына тапсырылмақ, олар өз кезегінде мұндай шараларды аптаның әрбір демалысында ұйымдастрып отыруды көздеуде.

Жас белсенділер фестивальді белгілі бір тақырып аясында өткізуді ұйғарып отыр. Мәселен, келесі сенбі, яғни, 4-мамырда болатын Арбат мектеп түлектерін кәсіби бағдарлау, оларға мамандық таңдауға жәрдемдесу тақырыбына арналмақ, бұл жолы көшеге жергілікті орта арнаулы оқу орындары да шығып, өз қызметтерін жарнамалайтын болады. Аталмыш шараға қатысуға керекулік білім ордалары да ниет білдіріп отырған көрінеді.

Ал осы жолғы нан фестивалінде халық әндері шырқалып, классикалық әрі заманауи билер биленді, сабын көпіршіктерінің шоуы көрсетілді, жалпы, көңіл көтерерлік шаралар өте көп болды. Ал балалар үшін асфальтқа, қағазға түрлі суреттер салу, бауырсақ жеу сайысы және қызықты ойындар ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтсақ, осы күнгі думан қала тұрғындары мен қонақтарының ешқайсысын де бейжай қалдырмады.

Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив