KZ
Өскемен
+33°
ясно жел 1 м/с, С
467.29 501.03 5.35

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Өскеменге келді

21.04.2013, 18:00 131


ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Өскеменге жұмыс сапарымен арнайы келіп, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да облыс активі және білім қызметкерлерімен зейнеткерлік жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша кездесу өткізіп, қаладағы бірқатар білім нысандарында болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, жоғары оқу орындарының басшылары, білім беру саласының барлық деңгейдегі өкілдері, сондай-ақ, аудан әкімдерінің орынбасарлары жиналған университеттегі кездесуде Бақытжан Жұмағұлов ел ішінде үлкен пікірталас тудырған шаруаны жіліктей баяндап берді.
ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Өскеменге келді
"Бүгінгі кездесу өте өзекті екенін барлығыңыз да түсініп отырған боларсыздар. Бұл біріншіден, жаңа зейнетақы туралы заңның толықтырылулары мен өзгерістері, екіншіден, ел ішінде талқыланып жатқан мәселе бойынша сіздер тарапынан қойылатын сұрақтарға жауап беру. Біздің білім саласында көптеген адам еңбек етеді. Сондықтан бұл саладағылардың қолдауы мен насихатына көп нәрсе байланысты. 1998 жылғы зейнетақы туралы реформада негізінен біріктіруші жүйе жұмыс істеген болатын", – деген министр зейнеткерлікте негізінен үш құрамдас бөлік барынан хабар беріп өтті.

ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Өскеменге келдіРеспубликаның бас мұғалімінің сөзіне қарағанда, олар: базалық зейнетақы, біріктіруші (солидарная) және жинақтау зейнетақысы. 2012 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі орташа зейнетақы 42 мың теңге шамасында болған екен. Бұл мәселеде негізгі үміт соңғы, жинақтау жүйесіне артылғанмен, ол бар-жоғы 7-ақ пайызды құрап, күткен межеден көріне алмаған. Қорытындысында, алдын ала есептеулер бойынша 2050 жылдары жалпы зейнетақы орташа жалақының көрсеткішімен салыстырғанда төрт есеге қысқартылуы мүмкін. Сондықтан, ең басты мақсат – жинақтау жүйесін тиімдірек жүргізіп, әр адамның жинақтаған ақшасы оның қарттықты лайықты, бабымен өткізуіне мүмкіндік тудыратындай болуына қол жеткізу.

Министр тілге тиек еткендей, расында елімізде жинақтау жүйесіне қатысқан адамдар өте аз көрінеді. Бұл мәселені толыққанды жүзеге асыру мақсатында зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасына үш негізгі блок енгізіліп отырған сыңайлы. Бірінші блок – бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры.

"Мұндай блок тек тұрғындардың сенімі арқылы жүзеге асатынын ұмытпау керек. Қазір бізде тиімсіз жұмыс істейтін жекелеген қорлар өте көп. Ендігі жерде олардың орнына бірыңғай қор жұмыс істейтін болады. Бұл – жаңа дүние. Оның құрылтайшысы және акционері Үкімет болып табылады. Ал қордың зейнетақылық активтеріне еліміздегі Ұлттық банк басшылық жасайтын болады. Сөйтіп, бірінші рет Елбасы жанынан бірыңғай зейнетақы қорының жұмысына қатысты мәселелерді қарайтын кеңес беру органы құрылады. Осылайша тек айқындық қана емес, сенімді қөзқарас орнығатын болады деп ойлаймыз", – деді Бақытжан Жұмағұлов.

Кездесуге келгендер асыға күткен зейнет жасының ұзартылу себептері туралы нақтылай түсіндірген министр барлық мәселені алақанға салғандай етіп баяндап берді.

– Зейнетке шығу жасын ұзарту әйел адамдардың зейнетақы қорына көбірек ақша жинақтауына мүмкіндік береді. Соңғы есептеулер көрсеткендей, аталған жүйеге қосымша бес жыл қатысу әр әйелдің жинақтау қорындағы ақшасын шамамен 15 пайызға көбейтпек, – деген Б.Жұмағұлов зейнет жасына қатысты унификациялау қазір көпшілікке әбден белгілі болғанындай, 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілетінін егжей-тегжейлі түсіндіріп, мұндай қадамдар әлемнің бірталай елінде жүзеге асып отырғанын немесе қолға алынып жатқанын жеткізді.

Осылайша зейнет жасының ұзартылуына байланысты әйелдер арасында алаң туғызып отырған көкейкесті мәселені бүге-шігесіне дейін жайып салған министр алдағы уақытта еліміздің барлық жерінде өтіп, өзіндік байламдар жасалған пікір-ұсыныстар осы мәселеге орай құрылған жұмысшы тобының отырыстарында ескерілетінін және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы мониторингі арқылы салаға реформа жасау бағытында жүзеге асатынын баяндап берді.

Ғафура Сәрсенбайқызы
Суреттерді түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив