Семей қаласындағы Мемлекеттік Медицина Университетінде бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Оған қала, аудан әкімдері мен әкім орынбасарлары, облыстық басқарма, қалалық және аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінің қызметкерлері, Шығыс Қазақстан облысының емдеу – профилактикалық мекемелерінің бас дәрігерлері және де республикамыздың басқа өңірлерінен өкілдер қатысты.
"Бізге Алматы облысының 7 ауданынан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан денсаулық сақтау саласының өкілдері келді. Осындай жәрмеңкелер арқылы біз жыл сайын түлектеріміздің 98% жуығын жұмысқа орналастырамыз. Бүгінгі күні жалпы медицина дәрігерлері сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары", - дейді ММУ интература деканының орынбасары Арай Теміржанова.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, университет түлектерінің басқа өңірлердің жұмыс берушілерімен келісімшарт жасасуына ешқандай кедергі жасамайды. Оның барлығы жас дәрігерге қандай әлеуметтік пакет ұсынылатындығына байланысты. Осы жылы 12 мамандық бойынша 389 интерн, 10 мамандық бойынша 49 резидент, 13 фармацевт және «Медбике ісі» бойынша 28 түлек Семей қаласындағы ММУ дипломын иеленеді.
Түлектердің басым бөлігі терапевт, хирург, педиатр, акушер-гинеколог сынды мамандандыруды таңдаған. Олардың арасында анестезиолог пен реаниматолог, сәулелік диагностика, сот-медициналық сараптама мамандары, тіс дәрігері, фтизиатр мен жұқпалы аурулар мамандары да бар.
Мәлімет көзі:ШҚО ақпараттық орталығы