Бүгінде Күршім ауданында небәрі 10 соғыс ардагері қалыпты. Солардың бірі – Күршім ауылының тұрғыны Қалитов Дүкен ақсақал. Тоқсанға толған күршімдік қарияға ШҚО әкімі өз құттықтауын жолдады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қария 90 жасқа толды. Ардагерді осынау айтулы мерейтойымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ақтекенов, Күршім ауылдық округінің әкімі С.Дүзбаев арнайы барып құттықтады. Осы кездесуде мерейтой иесіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың арнайы жолдаған құттықтау хаты мен арнайы сый-сияпаттары тапсырылды.
Соғыста барлаушы ретінде майданның ең қатерлі жерлерінде жүріп, сан мәрте ерлік жасаған Дүкен қария елге аман-есен оралған соң, көптеген жауапты жұмыстарды атқарып, бейбіт еңбекте де әркез алда болған қадірлі жан. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген қария сол балаларынан 8 немере, 8 шөбере сүйіп отыр.