Алдағы мамыр айынан бастап Семей қаласында суық су бағасының көтерілетіндігі туралы ақпаратты «Семей-Водоканал» мекемесі бұған дейін таратқаны белгілі. Осыған орай мекеме басшысы өңірдің БАҚ өкілдеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
"Семей қаласындағы су жүйелерінің 70 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ескірген жүйелердің салдарынан апаттар жиі орын алып, кәсіпорын зиян шегуде. Су бағасын көтерудің басты мақсаты - тек Семей қаласының ғана емес, бүкіл республика аумағындағы су арналарын жаппай жаңғырту. Жаңа жабдықтар сатып алып, құбыр жүйелерін ауыстыру керек, техникалық құрылғыларды жаңартып, жұмысшылар жалақысын арттыру да өзекті мәселеге айналып тұр" дейді «Семей-Водоканал» мекемесінің директоры Еркін Сағындықов.
Яғни, аз жалақымен ауыр жұмыс істеудің қаншалықты қиын тиетіні айтпаса да түсінікті. Кешенді жоспарда көрсетілгеніндей кәсіпорынның 2015 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламасында тарифті мың литр су бағасын 5,90 теңгеден 32,09 теңгеге көтеру қарастырылған.
«Семей-Водоканал» МКК директорының пікірінше, тарифті көтеру тұрғындарды суды үнемдей білуге үйретеді, сонымен бірге кәсіпорын жұмысын жақсартуға әсер етеді. Қалайда суды тиімді пайдалану өте қажет. Бүгінгі күнде Семейде 42 475 пәтердегі абонентке суға есептегіш құралдар орнатылды, 3 112 кәсіпорындар мен мекемелер қамтамасыз етілді.