ШҚО-да тексерілген 2000 шақырым жолдың 700 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді
Cемей – Қайнар тасжолының сапасы сын көтермейді. Бұл туралы «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның вице-президенті Азамат Жайсанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын аталмыш ғылыми-зерттеу институтының мамандары Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетімен бірлесіп Шығыстағы кейбір республикалық жолдардың сапасын тексерген болатын. Бұл тізімге Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз, Семей – Ресей шекарасы, Семей – Қайнар, Өскемен – Риддер – РФ шекарасы, Өскемен – Шемонайха – РФ шекарасы, Өскемен – Зырян – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары және Өскемен – Таврия – Семей бағыттарындағы жалпы қашықтығы 1 900 шақырым жол кірген-ді.
– Зерттеу қорытындысына келер болсақ, мамандар Шығыс Қазақстанда тексерілген екі мың шақырым жолдың 700 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді деген шешімге келді. Тағы 267 шақырымы орташа жөндеуден өтуі тиіс. Жалпы алғанда, шамамен 1 300 шақырым жол қалпына келтірілуі қажет. Әсіресе Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз және Семей – Қайнар жолдарының сапасы сын көтермейді. Кеңестік заманда салынған бұл трассалардың кей жерлерінде жол жабындысының қалыңдығы 16-19 сантиметрді ғана құрайды. Қазіргі заманғы стандартпен (60-65 сантиметр) салыстырсақ, бұл – өте төмен көрсеткіш, – дейді А.Жайсанбаев.
Айта кетейік, аталмыш зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша Семей мен Қайнарды жалғаған тасжолдың 69 пайызы, Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғаз бағытындағы жолдың 57 пайызы, Өскемен – Риддер – РФ шекарасы трассасының 52 пайызы нашар деп танылған.
Аталмыш зерттеу жұмыстары даниялық «Dynatest» компаниясының көпфункциялы техникасының көмегімен жүргізілгенін айта кеткен жөн.