KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3,2 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Семей халықының алдында есеп берді

19.02.2013, 18:00 238


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Семей қаласында 2012 жылы аймақта атқарылған жұмыстардың қорытындысы және Елбасы Жолдауының аясында облысты дамытудағы міндеттер жайында халық алдында есеп берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс Әкімінің есебі онлайн режимінде көрсетіліп, есепті кездесуді өңір тұрғындары облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасынан тікелей эфирде және Өскемен мен Семейдің орталық көшелерінде орналасқан LED-экрандардан, «ОТАУ-ТВ» қазақстандық спутниктік телетаратылымы арқылы көруге мүмкіндік алды.

Семейде өткен есепті кездесуге Семей, Курчатов қалаларының, Абай, Жарма, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Үржар аудандарының өкілдері қатысты.

Облыс әкімі Бердібек  Сапарбаев Семей халықының алдында есеп бердіЕсепті кездесудің алдында облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Айта кетейік, есеп беру барысында залға жиналған тұрғындар тарапынан 60-тан астам сұрақ келіп түсті.

Облыс әкімі Бердібек  Сапарбаев Семей халықының алдында есеп бердіОблыс басшысы Бердібек Сапарбаев өзінің есебінде өткен жылы атқарылған шаруаларды қорытындылаумен бірге биыл жүзеге асырылатын басты бағыттарға да кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, әкім 2012 жыл өңір үшін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-маңызды оқиғаларға толы болып, айшықты мәдени-бұқаралық іс-шаралармен ерекшеленгенін атап өтті.

– Басты мақсат – Президенттің экономикалық даму қарқынын сақтау бойынша берген тапсырмаларын жүйелі орындау, – деп бастады баяндамасын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. – Өткен жылы облыстың өсу қарқыны жеті пайызды құрады. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 1,7 триллион теңгеге жетті. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер орташа республикалық деңгейден төмен болған жоқ. Осыдан 15 жыл бұрын республиканың 2030 жылға дейінгі дамуын қамтыған стратегия қабылданған болатын. Алайда, экономикалық өсім қарқыны 2050 жылға дейінгі жаңа стратегияны қабылдау қажеттігін туғызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біз баса мән беруге тиіс дамудың негізгі жеті бағытын айқындап берді. Сондай маңызды мәселенің бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Оны біз экономиканың тұрақты өсімінің негізінде қамтамасыз етуіміз қажет.

Біздің облыста құны 600 млрд. теңге болатын 37 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның құны 195 млрд. теңге болатын 29 жобасы қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Үш мыңнан аса жұмыс орындары құрылып, бюджетке қосымша 1,7 млрд. теңгеге жуық түсімдер түсті.

Облыс әкімі Бердібек  Сапарбаев Семей халықының алдында есеп бердіБіз бірінші кезекте инновация негізінде индустрияның дамуына баса мән беретін боламыз. 2013 жылы «Өскемен титан-магний комбинатында» титан қорытпалары өндірісін, облыс орталығында шұжық, Семейде кондитер зауытын, күн батареяларына арналған панельді дайындау зауытын іске қосуды, медициналық препараттарды дайындауды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл кем дегенде бір мыңға жуық қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың маңызды салаларының бірі. Тек біздің өңірде ғана республикалық «Сыбаға» бағдарламасымен бірге «Жайлау» бағдарламасы жұмыс істеуде. Осы бағдарлама арқылы мал шаруашылығын өркендетуге, 15 мың бастан астам ірі қара малын сатып алуға 1,4 миллиардқа жуық теңге бөлініп отыр, – деген аймақ басшысы егіс алқаптарының көлемін арттыру қажеттігін, отбасылық фермалар құруда Татарстанның тәжірибесін ескеру керектігін атап өтті.


Биыл облыста тоғыз дәрігерлік амбулатория, он сегіз мектеп пайдалануға беріледі


Тұрғын үй құрылысы табысты экономиканың негізгі маркерлерінің бірі екені белгілі. Өткен жылы 244 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілсе, бұл бағыттағы шаруа 2013 жылы да жалғасады. Сонымен қатар «Қолжетімді баспана» бағдарламасының аясында, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның «Баспана құрылысы» бағыты бойынша және қазақстандық ипотекалық ұйымдармен серіктестіктің аясында қосымша қаржы көздеріне қол жеткізіліп отыр. Құрылыс нарығын сапалы және қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін Өскемен мен Семей қалаларында ағымдағы маусым айында екі үй құрылыс комбинаттарын іске қосу керек.

2012 жылы «Қазақстан Темір Жолы» компаниясы қаржысының есебінен 6 темір жол бекеті мен вокзалдар жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болды. Аталған жұмыс жалғасын табады. Республикада бірінші болып билеттерді сатудың электронды жүйесін іске қостық. Үржар-Алматы әуе рейсі қалпына келтірілді.
Тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге де үлкен мән берілуде. Біздің облыста бұл көрсеткіш 82 пайызды құрайды. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмайды. Аймақта жалпы сомасы 9,5 млрд. теңгенің 36 сумен қамту нысандарының құрылысы жүргізілуде. Олар негізінен Бородулиха, Аягөз, Үржар, Бесқарағай аудандарында жүзеге асуда.

Өңір экономикасындағы қазіргі таңда 69 мың адам шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерліктің алатын үлесін 25 пайызға дейін арттыру керек. Сол мақсатта Семейде «Атамекен» республикалық кәсіпкерлер одағының филиалы ашылды. Филиал жұмысы көзделген межеге қол жеткізуге мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Өңірдің екі үлкен қаласында кәсіпкерлер-ді және инвесторларды қолдау орталығын ашуға тиіспіз. Мұндай орталықтар облыстағы шағын қалалар қатарын толықтырған төрт қалада да ашылуы қажет.

Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір механизмі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы болса, оның көмегімен облыс былтыр 3,3 млрд. теңге қаржыға қол жеткізді. Бұл аталған бағытқа құйылған инвестицияның республикалық көлемінің 13 пайызын құрайды.

Жергілікті атқарушы билік атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған азаматтардың санын қысқартуға барлық мүмкіндіктерді жұмылдыруда. Осы бағытта үкіметтік емес сектормен әріптестік жүргізілуде. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 7 млрд. теңге бөлінген болса, биыл бұл сома 11 миллиардқа дейін көбейтіліп отыр. 200-ге таяу микрокредиттік ұйымдар құрылды. Бұл ретте тұрғындар тарапынан қызығушылықтар байқалуда, атқарылған шаруалар нәтижесін беруде.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға да баса назар аударылып, әлеуметтік қызмет көрсету саласының ауқымы кеңейтілуде. «Уба» шипажайының 100 орындық қосымша ғимараты пайдалануға берілді, мүгедек балаларды иппотерапия әдісімен оңалту мақсатында жабық ат спорты манежі ашылды.

Облыстың денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалған емес. Жыл сайын аталған салаға бөлінетін қаржы мен тартылатын инвестициялар көлемі ұлғайтылып келеді. Былтыр ана мен бала өлімін, туберкулезбен ауру көрсеткіштерін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді. Ресейдің, Израильдің, Кореяның жетекші клиникаларымен тәжірибе алмасу, жергілікті мамандарды оқыту, сонымен қатар, облыстың клиникаларын жаңа медициналық қон-дырғылармен жабдықтау бойынша әріптес-тік қарым-қатынас орнатылды.

Биыл Семейде жабық хоккей модулінің құрылысы қолға алынады. Қазақстандық футболдың 100 жылдығы қарсаңында «Спартак» стадионы жөндеуден өтіп, атаулы маңызды шараға орай өңірде 100 футбол алаңы салынатын болады.

Шығыс Қазақстанның мәдениет саласын өркендетуге есепті жылы 5 млрд. теңгеге тақау қаражат қарастырылып отыр. Қомақты қаражат мәдениет үйлері мен клубтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Облыста аса ірі мөлшерде қаржы көзі қарастырылатын сала – білім саласы. Былтыр облыс бюджетінен бұл салаға 70,1 млрд. теңге бөлінген. Солай бола тұра, мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ету тұрғысында түйткілді мәселелер көп. Соған қарамастан, облыс бұл бағытта республикада көш басында келеді. Өңірде мектепке дейінгі балалардың 95,7 пайызы білім мекемелеріне барады. Апатты білім ордаларын жаңалауда биыл қолданысқа 18 мектеп берілетін болса, тағы да 16 білім ошағының құрылысы басталған.

Жетім балалар мен ата-ана қам-қорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету үшін «Мейірім» акциясы жүзеге асуда. Облыста мұндай балалардың саны төрт жарым мыңға жуық. Патронаттық ұйымдарға 900-ден астам бала бекітіліп, оларға 60 млн. теңгеден астам сомаға тұрғын үй жинақ есепшоты ашылған.

Облыста жастардың бастамаларын қолдау және оларға дем беру үшін 2012 жылы арнайы облыстық басқарма құрылды. Өңірде жалпы саны 90 жастар ұйымы қызмет істеуде. Жастардың бастамаларына құлақ салып, оларды тыңдай білу қажет. Оларда жақсы бастамалар мен тың идеялар жетерлік, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Облыс басшысы сонымен бірге жастарды қоғамдық маңызды жобаларға көптеп тарту олардың жұмыспен қамтылуына, сол арқылы қылмыстық ахуалды төмендетуге көмектесетінін атап өтті.

Облыстың дамуындағы тепе-теңдік жайы әлі де болса басты мәселелердің қатарында сақталып келеді. Оны шешудің жолында екі негізгі бағдарлама жұмыс істеуде. Оның бірі – шағын қалаларды дамыту болса(өңірде олардың саны төртеу), екінші-сі – тірек ауылдарының құрамына кірген елді мекендерді өркендету. Ондай ауылдар саны облыста – 50.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің шеңберінде 2012 жылы 10 млрд. теңгеге әлеуметтік-мәдени нысандар жөндеуден өткізілді. «Туған жерге – тағзым» акциясының да пайдасы мол болып, бүгінде туған жерінен тысқары жүрген кәсіпкер азаматтар өздері кіндік кескен ауылдарын көркейтуге атсалысуда.

– Бізге жүктелген жауапкершілік жүгі аса салмақты. Шығыс Қазақстан еліміздің жетекші аймақтарының бірі саналады. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген барлық тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, «Қазақстан - 2050» даму бағдарламасының іске асырылуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз, – деді есепті баяндамасын қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Дәурен Аллабергенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив