Бір жыл бұрын ғана есігін ашқан Жарма аудандық Жастар үйінің ұжымы осы аз ғана уақыт ішінде айтарлықтай шаруа тындырып үлгерді. Жармалық жастардың 60-70 пайызы Жастар үйімен тығыз байланыс орнатқан, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Аудан жастарының басын біріктіріп, қазір тың идеялар мен ауқымды істердің ордасына айналып отырған мекеменің директоры Маржан Бақытқызы жармалық жастардың 60-70 пайызы Жастар үйімен үнемі байланысқа шығып тұратынын айтты.
– Бір жыл ішінде Жастар үйінің ұжымы бекітілген жоспар бойынша әртүрлі бағыттағы 100-ге жуық шара ұйымдастырды. Мекемеміз аудан орталығында орналасса да, біз өңіріміздегі барлық 22 ауылдық округ жастарымен жұмыс істеуге тырысып келеміз. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бастамаларына қолдау көрсетудеміз.
Биыл «Жастар – жаңа бағыттың қозғаушы күші» атты Жарма аудандық ІІІ жастар форумы, «Мен – Отанымның болашағымын» атты жас ақындар айтысы, сонымен қатар, әртүрлі акциялар мен спорттық сайыс-тар және өзге де іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Маржан Бақытқызы.