Тұрғындарды қобалжытқан осы және басқа да сұрақтарға «Дидардың» редакциясында ұйымдастырылған кезекті «Тікелей байланыста» облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы Алмас Оңдақанов жауап берді.
Қайырбек ЕСЕНБАЕВ, Күршім ауданы:
- Бұрындары әр ауылда бірден, үлкен елді мекендерде екіден электрші мамандар болған еді. Жарық сөніп, қандай да бір апатты жағдай бола қалса олар ақауларды жөндеп, қалыпқа келтіріп отыратын. Қазір ауылда электрші қалмады. Ауыл жарықсыз қалса, Күршімнен мамандарды тосумен күніміз өтеді.
– Бұрынғы «Алтайэнерго» тұсында әр ауыл бойынша электршінің штаты болғаны рас. Жүйе өзгеріп, «ШҚАЭК» АҚ АЭS-тің құрамына өткеннен кейін, осы шаруашылықта мамандарды оңтайландыруға байланысты біраз жұмыстар жүргізілді. Ауылдардағы электршілер штаты қысқартылып, әр подстанция бойынша үш-төрт маманнан құралған орталықтандырылған топ құрылып, ауылдарға сол мамандар шығып келеді. Ауылдағы жалғыз трансформаторға бола бір маман ұстау да тиімсіз. Бірақ ірі елді мекендер үшін бір электрші болуы қажет екені даусыз. «ШҚАЭК» АҚ міне, бір жыл болып қалды, қазір АЭS-тің басқаруынан алынып, «Самұрық-Қазына» ҰК-ның құрамына енді. Қазіргі күні компаниямен, біздің басқармамен аймақтағы электр энергиясын жеткізу, тасымалдау жұмыстары одан әрі жетілдіріліп, жүйеленіп жатыр. Жоспарланып отырған іс-шаралардың ішінде келер жылдан бастап ауылдардағы электрші мамандарының штатын 10-15 пайызға арттыру да көзделініп отыр.
Сымбат ТАЙЫРҚЫЗЫ, Көкпекті ауданы, Самар ауылының тұрғыны:
–Біздің ауданда ауызсумен қамтылмай отырған ауылдар әлі бар. Оларды сумен қамту мәселесі неге осы уақытқа дейін шешімін таппай отыр?
–Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту проблемасы облыстың барлық өңірінде бар. Сумен қамту деңгейі Көкпектіде –36,8, Бесқарағайда–37,8, Күршімде–45,4, Үржарда–45,8, Тарбағатайда 49,8 пайыз деңгейінде болып, осы аудандардағы көрсеткіш өзгелермен салыстырғанда біршама төмен болып отыр. 2020 жылға дейін жүргізілетін «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр ауданда жыл сайын, оның ішінде Көкпекті ауданында жаңа орталықтандырылған су құбырлары салынып, ескілері қайтадан жаңаланатын болады. Осы мақсатқа келер жылға 9 млрд. 500 млн. теңгенің 36 жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша жыл соңында 29 нысан толық пайдалануға беріліп, 9600 адам тұрып жатқан тоғыз ауылда алғаш рет су құбыры пайдалануға беріледі. Ауызсуды жеткізу жобалық-сметалық құжаттардан бұрын сол елді мекендегі жер асты суының қорын зерттеуден басталады, бұл жұмыстың өзі екі
жыл уақытты алады. Жалпы, бүгіндері облыс-тағы елді мекендерде тұратын тұрғындардың 40,5 пайыздан астамы немесе 237,9 мың адам сапалы ауызсумен тұрақты қамтылмаған. Бұл ауылдардың тұрғындары суды көшедегі құдықтардан, ұңғымалардан, жер үсті су көздері сияқты орталықтандырылмаған сумен қамту көздерінен алып отыр. Ал алты ауылға су шеттен тасып әкелінуде. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта осы алты ауылдың төртеуіне су құбыры салынады. Экономикалық жағынан тиімсіз болғандықтан Бородулиха ауданының Дүйсекен және 41-разъезд теміржол стансаларында тұратын 80 адам тасымалданатын суды пайдаланатын болады.
Серік ӘДІЛҒАЗИН, Зайсан қаласы:
– Зайсан, Тарбағатай ауданына көгілдір отын келетіні туралы газеттен оқып отырмыз. Газ нақтылы қашан, қай уақытта болады? Газбен біздің аудандағы барлық ауылдар қамтыла ма?
– «Сарбұлақ –Майқапшағай» магистралды газ құбырын салып жатқан жеке инвестор – «Тарбағатай –Мұнай» ЖШС жобаны аяқтады. Ұзындығы 92,5 шақырымға созылатын магис-тралды газ құбыры келер жылдың қаңтар айында толықтай іске қосылады. Қазір облыстық бюджеттен магистралды газ құбырынан Зайсан, Тарбағатай аудандарындағы ауылдарға дейін жеткізілетін құбырлардың техникалық-экономикалық негіздемелерін жасауға қаржы бөлініп отыр. Зайсан ауданындағы газ бөлетін, жеткізетін желілер құрылысының жобасы жасалып, мемлекеттік сараптаудан өткізілуге жіберіліп қойды. Сондықтан ауылдарыңызға газ келетін күн алыс емес деп ойлаймын. Газ барлық ауылға бармайды, магистралды газ құбырынан шалғай жатқан, таулы өңірдегі немесе тұрғын саны аз ауылдарға арнайы желілер тарту экономикалық жағынан тиімсіз.
Еркін ЖАЙЫҚОВ, Көкпекті ауданының тұрғыны:
– Самар, Көкпекті ауылдарындағы орталықтандырылған су жүйелеріне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің бәрі де тозып тұр. Оларды облыс орталығында жүргізіліп жатқан терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуге бола ма?
– Терможаңғырту бағдарламасы жалғыз Өскемен, Семей немесе басқа ірі қалалардың тұрғындарына ғана арналмаған. Оған аудан орталығындағы кондоминиумға кіретін көпқабатты тұрғын үй қатыса алады. Жөндеу мемлекеттен бөлінген қаржыға жүргізіледі және қаржыға ешқандай өсім қосылмайды, яғни, қанша теңге алсаңыз, сонша теңге ғана қайтарасыз. Тұрғындар қаржыны ең көп дегенде ай сайын 3 АЕК – 3 мың 800 теңге көлемінде қайтарады. Келер жылға құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы агенттігіне 1 млрд. 400 млн. теңгеге бюджеттік тапсырыс беріліп, осы қаржыға облыс көлеміндегі 160 тұрғын үй нысанына терможаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Өмірбек ТОЙЖАНОВ, Күршім ауданы:
- Кеңес заманында ауызсуға мұқтаж ауылдарға арнайы құдық қазылып, «ЗИД» деп аталатын мотор арқылы су шығарылғанын білеміз. Соның арқасында талай елді мекен су тапшылығынан құтылып, таза су ішкен еді. Қазіргі кезде суға зәру шағын ауылдарға неге осындай моторлы құдықтар орнатпасқа?
– Моторлы құдықтар арқылы су алу тәсілі қазір де пайдаланылып келеді. Тарбағатай, Күршім, Үржар аудандарындағы тұрғын саны 50 адамнан аспайтын шағын елді мекендерде құбырлар қазылып, су осындай құдықтардан алынуда. Бірақ мәселе жоғарыда айтқандай, тағы да жер асты суының қорын зерттеуге, жыл сайын осы мақсатқа бөлінетін қаржының көлеміне келіп тірелуде. Жер асты суының қорын зерттеп, мониторинг жүргізудің өзіне кемінде екі жыл кетеді.
Жеңісхан ҚИНАЯТОВ, Тарбағатай ауданы:
-2006 - 2009 жылдардағы «Таза су» бағдарламасы бойынша Ақжар ауылында су құбырларын жөндеуге орай біраз шаруа атқарылды. Бірақ іс аяғына дейін жеткізілмеді. Ауылдың орталықтандырылған су құбыры жүйесі әбден тозып тұр. Осы құбырларды жөндеу жобасының жобалық-сметалық құжаттарын жасап жатқан «Агропроект» деген мекеме жобаның сызбасын белгіленген уақытынан кешіктіріп, дайындамай отыр. Егер жобаларды жасау осылай жылдан-жылға жалғасатын болса, су құбыры қашан жаңаланбақ?
– Ақжардағы орталықтандырылған су құбыры желісін жөндеудің жобалық-сметалық құжатын «Восток –Агропромпроект» жобалау мекемесі жасап жатыр, қазір құжат мем-лекеттік сараптауға берілген. Тиісті құжаттар әзірленгеннен кейін бюджеттік тапсырыс беріліп, су құбыры міндетті түрде жөнделеді.
Ермек ӘЛІБЕКОВ, Үлкеннарын ауылы, Катонқарағай ауданы:
– Біздің ауданның тұрғындары Зыряннан көмірдің бір тоннасын 9 мың теңгеге сатып алуда. Ал «Ертістранс» ЖШС айлағынан сатып алып отырған көмір 7 800 теңге тұрады. Көмірдің бағасында неге осынша үлкен айырмашылық бар? Осыны реттеуге болмай ма?
– Бағаны реттеумен табиғи бәсекелестікті реттеу департаменті айналысады. Сатылып жатқан көмірдің бәрі – «Қаражыра» көмір кенішінікі. Кеніште көмір қоры жеткілікті. Ондағы босатылу бағасы жеке тұлғалар, бюджеттік мекемелер үшін әртүрлі көлемде. Менің білуімше, жеке тұлғалар үшін 3-4 мың теңге көлемінде болуы керек. Одан әрі қарайғы нарықтық бағаны көмірді сатып алып, таратушы тұлға оны тасымалдауға, жеткізуге жұмсаған шығынына орай өзі қояды.
Виктор ЛИТВИНОВ, Өскемен қаласындағы 23-ықшамаудан тұрғыны:
-Күндізгі, түнгі тарифтердің халыққа тигізіп отырған пайдасы шамалы. Оның үстіне түнгі тариф те қымбаттайтын көрінеді. Мен тиімсіз болғандықтан бұл жүйеден бас тарттым. Тарифті бүгінгіден әлдеқайда тиімді етіп жасау керек, көпшілік сонда ғана осы шегерме ақылы тариф түріне көшеді.
–Шегерме ақылы тарифтердің жаңа деңгейлерінің жүйесі бәрінен бұрын электр қуатын үнемдеуге, энергияға деген сұраныс күрт артатын сәттерде энергия тапшылығын туғызбауға арналған. Одан соң әрине, энергетиктердің өздеріне де тиімді.Ал арнайы түнгі, күндізгі уақыттарға арналып енгізілген бағаларды қалыптастыру мәселесімен Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жергілікті департаменті айналысады. Біздің облыста биылғы мамыр айынан бастап енгізілген шегерме ақылы күндізгі, түнгі тарифке көшіп жатқандардың қатары барған сайын көбейіп келеді. Демек оның тиімділігі де, пайдасы да көп.
Егер түнгі тариф көтерілген кездің өзінде ол негізгі, күндізгі тариф түрінен төмен болып белгіленді. Электр энергиясының тарифіне өзгерістер келер жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі. Шегерме ақылы тариф жөніндегі сіз айтып отырған жәйттің бүге-шігесіне үңілу мәселесін біз Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қарауына ұсынатын боламыз.
Шәміл БАГАУТДИНОВ, Катонқарағай ауданы:
-Үлкеннарын ауылының Абылай хан көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйлердің кәріз, ішкі жылу жүйелері, жертөлелері мен төбелері әбден тозып, жарамсыз болып тұр. Апатты жағдайлар жиі орын алады. Бұл үйлерді терможаңғырту бағдарламасына енгізудің мүмкіндіктері қарастырылған ба? Сондай-ақ аудан орталығындағы магистралды жылу желілері де әлдеқашан ескірген. Оларды жөндеуге қаржы бөліне ме?
– Қазір жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңғырту бағдарламасы бойынша үлкеннарындықтар-дың орталықтандырылған жылу желілерін жаңалап алуына үлкен мүмкіндіктер бар. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар жасау керек.
Осы уақытқа дейін Үлкеннарындағы екі көппәтерлі тұрғын үй терможаңғырту бағдарламасына енгізілген болатын. Мир көшесі, 4 және Абылай хан көшесі, 77-үйлер. Биылға дейін бағдарлама екі тетік бойынша: «Ертіс» ӘКК және мемлекеттік кәсіпорындар арқылы жүзеге асырылып келген болатын. Келер жылдан бастап бір ғана тетік бойынша жүргізіледі. Терможаңғыртумен мемлекеттік кәсіпорындар ғана айналысатын болады. Бірақ жөндеуді ұйымдастыру, іске асыру баяғыдағыдай жүйеде жүргізіледі. Тұрғындар жөндеу жүргізуге өздерінің келісімін беріп, жөндеу жүргізетін кәсіпорынмен бірге үйдің қай жерін жөндеу керектігін анықтап, көрсетіп, үйді терможаңғыртудың жобасын жасайды. Одан соң тұрғындар үйді жөндеуге кеткен қаржыны қанша жылда, қанша мөлшерден қайтару керектігі жөнінде смета жасалынады. Тұрғындар осыны білсе болды. Жобасы дер мезгілінде жіберілген үй ешқашан бағдарламадан тыс қалмайды.
Игорь ТИМОФЕЕВ, Семей қаласы:
-Семейдегі Қызыл кардон ауданы маңында көп жылдан бері электр энергиясының кернеулік қуаты қалыпты деңгейде болмай келеді. Электр энергиясының кернеуі 220 кВт болған күнді көргеміз жоқ. Үнемі 180 немесе одан да төмен. Жарықтың әлсіздігінен балалар кешкілік сабақ оқи алмайды. Тұрмыстық техникалар да стандарттан бөлек кернеуде дұрыс жұмыс істей алмайтыны анық. Энергетиктер бұл аудандағы подстанцияның қуатын арттыратындары туралы талайдан бері уәде беріп келеді, бірақ ешқандай нәтиже көрмей отырмыз.
– Қазіргі күні еліміздегі электр желілерін басқарып отырған «КЕGОК» АҚ ірі жоба жасап отыр. Бұл – 500 кВт құрайтын Екібастұздан Семей арқылы Өскеменге, бізден әрі Алматы облысына шығатын электр тарату желісі. Жоба іске асқан соң аймақты тұрақты, сенімді электр қуатымен қамтуға үлкен мүмкіндік туады.Жобаның бірінші кезеңі келер жылы аяқталады. Алдағы жылы Өскеменге дейінгі электр желілері құрылысы салынып, облыс орталығы мен Семейде подстанциялар тұрғызылады. Жобаның бастапқы бөлігін жүзеге асыруға қажетті құжаттар жиналып жатыр.
Ардақ ЖАҚСЫБАЕВ, Үржар ауданы:
- Бүгінде өңірімізде электр энергиясы тапшылығы туып отыр. Біздің облыста энергия үнемдеу технологияларының қандай түрлері жетілдіріліп жатыр?
– Облыста энергияның балама көздері жеткілікті. Соның бірі – заманауи жылу сорғылары. 2010 жылы «Машзавод» ЖШС тұрмыстық және өнеркәсіптік бағыттарда қолданылатын жылу бөлу қауыты 8-ден 605 кВт-ға дейінгі жылу сорғыларының өндірісін іске қосты. Жылына 520 жылу насосын шығаруда.
Қазір облыста энергия үнемдеуге байланысты үлкен бағдарлама жасалып жатыр. Осы бағдарлама бойынша аймақтағы әрбір кәсіпорын электр энергиясын үнемдеуге байланысты энергия үнемдейтін лампаларды қолданудан бастап, жылу сақтағыш, инновациялық жаңа технологияларды пайдалануға дейінгі құрал-жабдықтарды қамтитындай қуат көзін үнемдеуге арналған жоспарларын бекітіп, тапсырады. Жеке тұлғалар да энергия үнемдеу бағдарламасынан қалыс қалмайды. Электр энергиясына, суық су мен ыстық суға, жылуға есептеу құралдары орнатылады. Осы уақытқа дейін облыста 33 839 суық суды есептеу құралы орнатылған. Қажеттілік – 102 621. 2020 жылға қарай қалалықтар есептеу құралдарымен 100 пайыз көлемде, ауыл тұрғындары 88 пайыз көлемінде қамтылуы тиіс.
Тікелей байланысты жүргізген - Жанаргүл Мұқатай