KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность жел 4 м/с, СБ
439.4 473.54 4.76

Жазылар естеліктер Рүстем жайлы...

10.12.2012, 18:00 262


Жамбыл атындағы облыстық драма театрында осыдан үш жыл бұрын дүниеден озған талантты режиссер, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулетті еске алу кеші өтті.


Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер­-тұрманы, – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, осынау кеш Рүстем жайындағы естеліктер дәуірінің басталғанын білдірсе керек. Біз енді Рүстем туралы естеліктермен өмір сүреміз. Бұл – шындық. Бұл күні Рүстемін іздеген, Рүстемін сағынған жұрттың бәрі облыстық Жамбыл театрына қарай ағылды. Сенсеңіз, залда ине шаншар орын болған жоқ. Осынау кешке облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов пен ақынның ағасы, танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің арнайы келуі шараның ажарын тіптен аша түсті.

Еске алу кеші Рүстем туралы облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен түсірілген «Бөрінама» деректі фильмімен басталды.Әттең, жаңалыққа, жақсылыққа құштар жанның ерте үзілгені өкінішті-ақ. Десек те көңілге медеу болатыны – отыз жылдық ғұмырын Рүстем текке өткізбеген екен. Ақын ретінде де, режиссер ретінде оның тындырған істері жетерлік. Жамбыл атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасының тарихы мен тағдыры, бүгінгі күнге дейін бағындырған биіктері Рүстем Есдәулеттің есімімен тығыз байланыс-ты. Ол қойған «Атымды адам қойған соң...» спектаклі әлемнің театртанушы мамандарының өзін қайран қалдыруда.

– Бұл өмірге кім келіп, кім кетпейді. Біреулер жүз жасағанымен, өмірде елеусіз қалады. Ал енді біреулер небәрі жиырма бес жыл өмір сүрсе де, жарқ еткен жарық жұлдыздай артында өшпес із қалдырады. Міне, біздің жерлесіміз, бауырымыз Рүстем осындай жан болатын. Ол Шығыстағы қазақ театрының өркендеуіне, өсуіне үлкен үлес қосты. Мен онымен көп жұмыс істедім деп айта алмаймын. Небәрі жеті-ақ айдай бірге жұмыс істедік. Бірақ сол жеті айдың ішінде мен Рүстемді тани алдым деп ойлаймын. Оның арманы көп болатын. Бірақ өкінішке қарай, сол арманының біразы орындалмай қалды. Десе де оның артында бірге қызмет істеген ұжымы бар. Сол ұжым Рүстемнің арманын алға апарып, орындайды деген сенімдемін, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ . – Өздеріңіз білесіздер, Өскеменде, Ертістің арғы бетінде болашақ қазақ театрының жаңа ғимараты тұрғызылып жатыр. Бұйырса, келесі жылы қолданысқа берілмек. Міне, сол театрға Рүстемнің атын бермек ойымыз бар.

Еске алу кешінде тебірене сөз алған КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтің лебізі де талай жұртты тебірентті.

– Қазақта аққан жұлдыз деген сөз бар. Ол Шоқанға қатысты айтылады. Мүмкін бұл сөзді Абайға да қатысты айтуға болар. Бұл – үлкен теңеу! Рүстем бауырымыз ортамыздан, міне, сол аққан жұлдыздай ерте кетті. Қазақтың театр, кино өнерінде болашағы зор азаматты танитын, білетін бір азамат болса, соның бірі өзіммін деп санаймын. Әр келген сайын менімен ақылдасып, кеңесіп отыратын еді. Жаңадан жазған, сиясы әлі кеппеген өлеңдерін оқып беретін. Ол өнерге берілген жан еді. Әттеген-ай... Сұм ажал оны арамыздан ерте алып кетті, – деді Рүстем Есдәулеттің ұстазы Асанәлі Әшімов. Сондай-ақ, ол Шығыс өңірі туралы көзқарасын білдіріп, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жайында жылы лебіз білдірді:

– Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүрміз ғой. Талай басшыны көрдік. Сіздердің бақыттарыңыз сол – әкімдеріңіз өте қарапайым адам. Әрдайым халықпен бірге. Халықтың қошеметіне бөленген басшы. Қарапайымдылығы сол – жер-көкті шулатып жанына шабармандарын ертпейді, ешқандай қорғаушысыз, күзетсіз жүреді. Бір мысал айтайын. Маған көлік қажет болып еді, ол астындағы қызметтік көлігін беріп, өзі жұмысқа жаяу кетті, – деді Асанәлі Әшімов.

Кеште Рүстемнің ағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет те сөз алды. Рүстемнің өзі өлсе де, өнері өлмепті. Оның қойған қойылымдары әлемді шарлап жүр. Өскемен қаласындағы облыстық драма театрының кішкене сахнасында қойылған дүниені әлем сыншыларының өзі «шедевр», «классика» деп бас июде. Рүстем сахналаған «Атымды адам қойған соң...» спектаклі 2011 жылы Татарстанда өткен Х халықаралық түркі тілдес халықтардың «Науруз» фестивалінің лауреаты атанса, үстіміздегі жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс», Уфа қаласында өткен «Туғанлық» атты фестивальдарда да топ жарып, әлем сыншыларының назарын өзіне аударды. Біле білген адамға, бұл жалғыз Өскемен театрының ғана емес, бүкіл қазақ театр өнерінің зор жетістігі. Тіпті, соңғы өнер додасында жан-жақтан келген сыншылар, оның ішінде Ресейдің еңбек сіңірген театр қайраткері, «Театральная жизнь» журналының редакторы Олег Пивоваров облыс орталығы Өскеменде салынып жатқан қазақ театрына жас дарын Рүстем Есдәулеттің есімін беру туралы ой тастаған болатын.

– Жамбыл атындағы бұл театрды таудың қиясына салынатын қырандардың ұясына ұқсатамын. Сондай ұялардан үлкен қырандар ұшып шығып, дүниенің биігіне көтеріледі. Сол ұяларыңыз құтты болсын!, – деді ақын Ұлықбек Есдәулет.

Алыптың бәрі де анадан туады. Осы кеште Рүстемнің анасы Роза Салықбайқызына Зайсан ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Марат Қабанбай, Асқар Егеубай сынды қазақтың тамаша ақын-жазушыларын тәрбиелеп шығарған құрметті ұстаз да өз ризашылығын білдіріп, сөз сөйледі.

Ал өмірден ерте кеткен ақын, режиссер Рүстем Есдәулеттің мұраларын насихаттауға үлес қосқан қалам иелері Алғыс хатпен марапатталды. Олардың арасында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің біздің облысымыздағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубай, облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің қызметкерлері Мейрамтай Иманғали мен Дарья Шавлева, облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасының журналисі Вера Лазарева, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Берік Көшербаев пен «Регион-пресс» газетінің редакторы Христина Дорошенко бар.

Еске алу кешіне жиналғандар Рүстем Есдәулет сахналаған «Атымды адам қойған соң...» спектаклін де тамашалады.

Мейрамтай Иманғали



Мәлімет көзі: Аltaynews.kz





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив