KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 1 м/с, С
523.86 544.34 5.11

Сағынышқа айналған Үлкен үй

10.05.2024, 21:07 205 Айна Ескенқызы

Облыстық драма театрында жас көрермен театры труппасы Нобель сыйлығының лауреаты, египет жазушысы Нагиб Махфуздың «Біздің  көшенің аңыздары» атты қисса-романының желісімен сахналаған «Үлкен үй» қойылымын ұсынды. Спектакль аншлагпен өтті.

Адамгершілік пен зұлымдық, бәсекелестік пен күрес, үміт пен махаббат, сатқындық пен сенім ұштасып жатқан шытырман оқиғаға толы драма бір шаңырақтан тараған бірнеше ұрпақтың өмірінен сыр шертеді. Ібілістің азғыруымен әкелеріне қарсы шыққан балалары отбасынан қуылып, көп михнат шегеді. Олардың басты арманы, үміті – Үлкен үйге қайта оралу.

Бұл спектакль жас режиссер Жәнібек Маханбетиярдың дипломдық жұмысы екен. Кезінде облыстық драма театрында актер болып істеген Жәнібек кейін Астанаға режиссерлік оқуға аттанған.

– Мен оның алғашқы жұмыстарын бақылап, төртінші курста қолқа салып, шақырып жүрдім. Труппамен туыстық, адамгершілік, зұлымдық сияқты мәңгілік тақырыптар қозғалатын осы материалды таңдадық. Режиссердің көңілі де осы тақырыпқа ауып жүріпті. Алдымен бәрімізге қисса-романның түпнұсқасын оқып шығуды тапсырды. Келе сала «шығармамен таныссыздар, сіз – ана кейіпкерсіз, ал сіз – мына кейіпкерсіз» деп сахнаға бірден костюммен, реквизитпен, гриммен шығарып, дайындық қызып жүре берді. Өзіміздің де  есіміз шығып кетті. Қан болса қан, су болса, су, бәрін бірден қолданды. Біздің актерлар үшін тың тәжірибе болды, шығармашылығымызға жаңа серпін берді. Бұл – Қазақстандағы алғашқы осындай спектакль. Ұжымды бұрыннан таниды, аға-іні, апай-бауыр болып, тіл табыса білді. Үш айға жуық дайындалдық. Келешекте бұл жігітті өзімізге режиссерлікке шақырып отырмыз, – дейді жас көрермен театрының көркемдік жетекшісі Едіге Ақылбеков.

Ғабалауидың бейнесі – ашылмаған сыр сандық

Бұл туынды – жас көрермен театры актерлерінің қисса-драма жанрындағы тырнақалды дүниесі, алғашқы тәжірибесі. Соған қарамастан сәтті өткен қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көпшілікке тамаша кеш сыйлады. Спектакльге қатысқан актерлердің әрқайсының көрермендерге айтар өз ойы, болашаққа жоспарлаған асқақ арманы бар. Біз соларды жазып алуға тырыстық.

Басты кейіпкер – Үлкен үйдің әкесі Ғабалауиды сомдаған актер Ақжол Сақанов осы рөлді өзі таңдапты.

– Бұл өте күрделі тұлға, басқаларының жағымды не жағымсыз екені ақ пен қарадай көрініп тұрды. Әкесінің бейнесі ашылмаған сыр сандық сияқты, құпия көрінді, соны режиссер екеуіміз екі жақтап ақтарып, түсінуге тырыстым. Менің кейіпкерім тым қатал болып көрінуі мүмкін, бірақ ол балаларынан өз деңгейін талап етті. Кенже ұлы Адам ғана соны кеш те болса түсінді, бірақ оның өтеуі қандай болды? Кейде өзіміз де балаларымызға тым талапшыл боламыз, бірақ оны байқамаймыз. Менің жеті жаста Айша деген қызым бар, кейде соған жоғары талап қойғанымды білмей қаламын, сосын «ол әлі бала ғой» деп ойлаймын. Драма әкесі мен ұрпағы  арасындағы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді, – дейді Ақжол Сақанов.

Дайындық ойын театры бағытында жүріпті. Бұл біздің актерлер үшін тың тәжірибе болды. Әдетте режиссер актерлермен шығарманы ұзақ талдап, көп жерде өзінің пікірін, өзі қалай көргісі келетінін айтып, ойын тықпалайды, актерлар соған көне бастайды.

– Бұл жолы режиссер өз ойымен дайын келді, біздің де пікірімізбен санасты. Кітапта мынадай бір оқиға бар, ағасы інісін өлтіреді. Осы тақырыпқа жазылған қандай классикалық туындыларды білесіздер, қандай суреттермен үндеседі деп сұрады. Біз іздене бастадық, мысалы, «Первое убийство» деген картина бар, сол ізденіс арқылы оқиғаны тереңірек түсіндік.  Қойылымда діни образдарға сілтеме көп. Біздің өнімімізді қолмен ұстап көруге келмейді, сол себепті оның сапасына, көрерменнің көңілінен шығуына қатты мән береміз. Залдағы 700 адамның алдында сынақтан өтеміз, атүсті қарай салатын дүние емес. Әр туындымызды болашақта байқауға қатыссақ, жүлде алсақ деген асқақ арманмен сомдаймыз, – деп қосты актер. 

Ақжол Сақанов бұдан басқа «Өмір-өзенде» Шәмшінің Музасын, Алжирде НКВД қызметкері Карповты, «Қара шекпенде» Тұзақты сомдаған, сол сияқты «Күзгі оқиға», «Елестер» қойылымдарында ойнаған дарынды актер. 

Ғабалауидың шешіміне қарсы шығып, үйінен қуылған тұңғыш ұлы Ыдырыс бейнесінен де көп дүниені аңғаруға болады. Осы шаңырақтың ең үлкен ұлы болғандықтан ол өзін әкесінің оң қолы санайды. Бірақ «әке – балаға сыншы» демекші, балаларын сырттай бақылап жүрген Ғабалауидың таңдауы кіші ұлына түседі, сөйтіп басқа балаларын өзіне қарсы қойып алады.

– Менің кейіпкерім балалардың үлкені болғандықтан кенже ұлды «неге менен артық санайсың» деп, әкесінің шешіміне қарсы шығады. Негізінде Ыдырысты азғырған Ібіліс. Кітапта Ібіліс жоқ, ол режиссердің шешімі. Осы көрініс арқылы отбасындағы араздық, әке мен бала арасындағы түсінбеушілік, зұлымдық сияқты әрекеттер көрінеді. Ібілістің арбауына түскен жанның адами бейнеден қаншалықты ажырап кететіні көрсетілген, – деп түсіндірді осы рөлді бейнелеген актер Сырым Маратбек.

Бұған дейін қазақ театры труппасында Кенесары, Керей, Жәнібек сияқты хандардың тарихи тұлғаларын сомдаған, Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүниесінде» Қабақты ойнаған Сырым Маратбек келешекте қуыршақ театрын құруды армандайды. Бүгінге дейін ол «Маугли», «Кішкентай бақаның оқиғасы» ертегілеріне режиссерлік етіп, қуыршақтарды екі тілде сөйлетіп, сахналаған. Екі қойылымдағы қуыршақтардың барлығын өзі жасаған, олардың ерекшелігі сондай, еліміздегі басқа қуыршақ театрларында кездесе бермейді. Бұған дейін де гастрольдік сапарларға шығып, ертегілерін көрермендер жылы қабылдаған. Жуықта Шымкентке «Кішкентай бақаның оқиғасы» ертегісімен гастрольге бармақшы.

Құран мұғжизаларына сілтеме көп

Әлібек Малшиев – Ғабалауидың немересі Құмамды ойнаған актер.  

– Материалда Құран мұғжизаларынан сюжеттер, параллельдер көп. Көрерменге ой салады. Алайда қойылымдағы Ғабалауи құдай емес, екі егіз немересі – Құмам мен Қадри Абыл мен Қабыл емес. Спектакльдегі менің әкем Адһам Ғабалауидың кенжесі, мен сол ұлдан тараған ұрпақпын. Мен ағасының әкесіне деген ренішін, кенже інісіне деген өшпенділігін түсінуге тырыстым. Өйткені дәл сол оқиға Қадри екеуіміздің басымызда да қайталанады. Арамыздағы кикілжіңді сенімді шығаруға режиссердің шешімдері көмектесті. Бұл жолы да ібіліс азғырып, Қадри Құмамды мерт қылады.

Бұған дейін итальяндық классик Эдуардо Де Филиппоның отбасындағы қарама-қайшылықтар, ер мен әйелдің қарым-қатынасы жайлы «Елестер» драмасында күрделі рөлді сомдаған тәжірибесі бар Әлібек Малшиев Шекспирдің «Гамлетін»  моноспектакль ретінде қоюды армандайды екен. Студент кезінде дипломдық жұмысын қорғаған кезде бұл ұлы туындыны қойыпты.

– Студент кезімде қолға алған сол дүниені қайтадан дамытсам деймін. Ол үшін әлі өсу, толыса түсу керек. Қазір толғаныс пен  ізденіс үстіндемін. Режиссерлікке өтудің өз уақыты келеді. Менің ойымша, режиссер болу үшін актерлік тәжірибе аздық етеді. Бір сарында тұрып қалсаң, онда ол өлген актер, үнемі ізденіс керек, алдымен жақсы актер болып қалыптасу қажет, – дейді Әлібек.

Спектакльдегі жалғыз әйел кейіпкер – Адһамның әйелі Үмәймәні сомдаған Аяулым Тұрысбекова жас режиссердің тың стилі туралы айтып берді.

– Менің кейіпкерім – Хауа анаға сілтеме.  Жас режиссерлерден қорықпау керек, керісінше, олардың идеясы, амбициясы көп болады, тек бізге емес, кез келген театрға олардың көмегі қажет. Маған режиссермен жұмыс ұнады. Барлық қырымызды ашты, жоқ қырымызды сындыра білді. Нәтижесінде әр кейіпкердің образы барынша нанымды ашылды. Әдетте спектакльге дайындық бірден басталып кетпейді, алдымен материалмен танысамыз, оны жан-жақты талдаймыз. Бұл жолы режиссеріміз «менің стилім – ойын театры» деді де әртүрлі этюдтар мен тренингтер беріп, бір ай сонымен айналыстық. Шығармаға содан кейін кірістік. Тренингте жүреміз де спектакльдегі бір көріністі ойнап кетеміз. Ертеңінде де солай, қызықты этюдтарды ойнап келе жатып, тағы бір көріністі сахналап, қосып аламыз. Осылайша соңында қалай қойылымды толық шығара қойғанымызды өзіміз де ұқпай қалдық, – деп бөлісті актриса.

Аяулым Тұрысбекова Жамал Омарова, Рабиға Аспендьярова, Дәмеш Жүргенова, Ақбілек сынды қазақтың біртуар аруларын сомдаған.

Спектакльде режиссердің шешімімен енгізілген екі кейіпкер бар. Бірі – адамның ішіне жын болып кіріп алып,  азғыратын  ібіліс болса, екіншісі – қиссашы қарға. Бір жарым сағатта екі-ақ ауыз сөз айтатын, бірақ қойылымның басынан аяғына дейін бақсыдай дірілдеп-қалшылдап, әртүрлі шалт қимылдар істейтін ібілістің рөлі ең күрделі болғаны сөзсіз.

– Режиссер маған бір жапондықтың орманға барып билеген биін көрсетті. Таңғы төрт-бесте басқа да қорқынышты видеоларды салады. Солар бойынша тренингтер, этюдтар істеп жүрдік. Рөлді сомдаған кезде трансқа кіргендей болам. Дайындық сайын трансқа кіріп-шығу өте ауыр, әрине. Ал премьера болар күні қол-аяғым дірілдеп, сахнаға алғаш рет шығатындай қобалжыдым. Образды аша түсу үшін көзіме аппақ линза таққызды, алдымдағы екі метр жерді ғана көрем, бетіме жарық түсіргенде, мүлде ештеңе көрінбей кетеді. Көп күш жұмсағаным соншалықты, премьера аяқталып, сахна шымылдығы жабылғанда мен құлап түстім, – дейді Тимур Тұраров.

Тимурдың өнерге келуі де қызық. Бұрын театрға бармайтын, спектакльге қызықпайтын ол бастапқыда өнер ордасына музыкамен көркемдеуші болып уақытша жұмысқа тұрады. Қойылымдарда музыканы қосып қана отыратын маман бірде «Өмір-өзен» спектаклінде үш минуттық рөлді ойнағаннан кейін-ақ сахнаның құдіретін сезініп, махаббаты оянады. Кейін режиссерлік оқуды бітіріп, театрға актер болып ауысады.

 «Маугли» «Елестер», «Ұмытылмас күн» сияқты  спектакльдерде ойнаған, өзінің музыкалық бэнды бар.

Едіге Ақылбеков, жас көрермен театрының  көркемдік жетекшісі, актер:

– «Үлкен үй» қойылымы – фестивальге ұсынуға татитын оқтаулы мылтықтай дайын дүниеміз. Амандық болса, күзде Павлодарда Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына  арналған театрлар фестивалі өтеді. Соған ұсынамыз деген ой бар. Біздің шақыруымызбен Қазақстандағы сыншылар бірлестігінің төрағасы, өнертану кандидаты Анар Еркебай арнайы келіп, тамашалады. Артынан талдау жасап, әр кейіпкердің кемшін тұстарын, сәтті шыққан қиссашы қарға (Едіге Ақылбеков) мен Ыдырыстың (Сырым Маратбек) қырларын айтып, ақыл-кеңесін берді. Осы күзде жас көрермен театрының 10-шы маусымы ашылады, маусымашарда жарқ етіп көрінсек деген үміт бар. Біз көрермен үшін жұмыс істейміз, олар жылы қабылдап жатса, содан керегін алып, бір ой түйіп жатса,  біз үшін сол маңызды.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу